Өз басым ауыз толтырып айтарлықтай ерлік жасадым деп айта алмаймын. Адам ретінде қиын жағдайға тап болған жандарға қолұшын создық. Соған қарамастан кішігірім еңбегімді бағалап «Ерлігі үшін» медалін табыстап жатқан ел басшыларына рахмет айтамын. Бұл марапатты Президенттің өз қолынан алғанымды мақтан тұтамын.
Мен Теміртау қаласында өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып еңбек етемін. Биыл наурыз айында мен еңбек демалысында едім. Өзім тұратын пәтер 2-қабатта еді. Бір күні үстіміздегі 3-қабаттағы пәтерде газ жарылды. Кіреберіске шығып едім, үстіндегі киімі түгел жанып кеткен бір әйел баспалдақпен түсіп келе жатыр. Зайыбым екеуміз оны ішке кіргізгенде «Балалар, балалар!» дей берді. Сөйтсе, пәтерде тағы бір әйел және 4 кішкентай бала бар екен. Оларды да өртеніп жатқан үйден дер кезінде алып шықтық.
Бір әттеген-айы, сол оқиғадан кейін 15 пәтерлі біздің көпқабатты үйіміз тұруға қауіпті делініп, бәрімізді шығарды. Міне содан бері 8 ай өтті. Жөндеп береміз деп уәде беріп еді. Бірақ әлі күнге өз үйімізге орала алмай жатырмыз. Қазір қызымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Оның өзі көпбалалы отбасы. Үйімізді тезірек жөндеп, шаңырағымызға қайта оралсақ дейміз.
Талғатбек ТӨЛЕУБАЕВ,
өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі
Теміртау қаласы