• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Қазан, 2023

Азаттықтың алғашқы қадамы

309 рет
көрсетілді

Бүгінде азаттығын бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған дербес мем­лекетпіз. Оның тарихи маңызының қандай екендігін танытатын бірден-бір жол – Республика күні. Бұл мерекеге жалпыхалықтық сипат берілуі де бекер емес.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен еліміздің егемен­дігін айқындайтын декларация қабыл­данды. Осы айтулы күн Қазақстанның дербестігін таныта­тын құжатпен нақтыла­нып, тарих төрінен орын алды. Бұл декларация аясында Қазақстан өзін жеке республика ретінде жариялап, мемле­кеттік шекарасын, азаматтығы, қаржылық әлеуеті, халық­аралық қатынастардағы дербестігі, мем­лекеттік рәміздерін бекітуге батыл қадам басты. Сонымен қатар респуб­лика­мыз­дың саяси-эко­номикалық тұрақты­лығын берік сақтап, мем­лекеттің даму кезеңдерінің алғышарттарын бекітті.

Декларация арқылы әлем картасынан орнын қалыптастырған жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланғанын қазіргі ұрпақ буыны, яғни тәуелсіз еліміздің ертеңгі азаматтары әлден біліп-өсуге тиіс. Бұл – бәріміздің ортақ қасиетті де қастерлі борышымыз. Еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы осы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асқаны барлығымыздың ойымызда әр кез жаңғырып тұруға тиіс.

Бұл күннің әртүрлі себептермен, он жылдан аса уақыт бойы ел көлемінде аталмай келгендігін де жасыруға болмайды. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру идеясын, оның даму жолдарын халыққа түсіндіре келе, 25 қазанды Республика күні ретінде жариялап қана қоймай, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғаны ел көкейінде жүрген жайды дөп басты. Әлем елдерінің арасында өзіндік жолын тапқан республикамызды одан әрі қарай да өркендетуге бірге атсалыса берейік.

 

Ернар СЕЙДІМБЕК,

Әділет департаментінің басшысы

 

Абай облысы