Павлодарда шахматтан «Pavlodar Open» халықаралық турнирі басталды. Бұл жарысқа жуықта Дохада өткен дүниежүзілік бәсекеде әлемнің үздік шахматшыларының бірі Магнус Карлсенді жеңген павлодарлық Әлішер Сүлейменов те қатысып жатыр.
«Pavlodar Open» – 2023» турнирі Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Нидерланд, Аустралия, Үндістан, Израиль, Әзербайжан, Тәжікстан және Бангладештен келген 230 шахматшының басын қосты. Оның ішінде 64 халықаралық деңгейдегі спортшылар мен гроссмейстерлер бар. Атап айтқанда, «Qatar Masters Open» халықаралық турнирінде сенсациялық жеңіске жеткен Әлішер Сүлейменов, екі дүркін олимпиада чемпионы және Еуропа чемпионы Александр Моисеенко, Нидерланд пен Еуропаның үш дүркін чемпионы Сергей Тивяков және Үндістан біріншілігінің қола жүлдегері Сетураман сынды мықтылардың аталған турнирге қатысуы – үлкен мәртебе.
Халықаралық гроссмейстер Петр Костенко айтып өткендей, ойлылар турнирі ФИДЕ рейтингі бойынша екі секцияға бөлінді. А секциясында кемі 2000 және одан жоғары ұпай жинағандар бақ сынаса, ал одан төмен орналасқандар Б тобында өнер көрсетеді. Жарыс фавориті ретінде рейтингтегі қоржынында 2608 ұпайы бар ресейлік Антон Демченко танылып отыр. Турнир 31 қазанға дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры – 23 млн теңгені құраса, А тобында жеңіске жеткен спортшыға 4 млн теңге ақшалай жүлде беріледі.
Айтып өтейік, бүгінде Павлодар өңірінде 30 мыңнан астам адам шахматпен айналысса, ойынды үйрету өңірдің барлық мектептерінде ұйымдастырылған.
ПАВЛОДАР