• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қазан, 2023

Сындарлы сыртқы саясат

238 рет
көрсетілді

Егемендік алған елең-алаң тұста еліміз көптеген тағдыр­шешті шешім қабылдады. Тәуелсіздік жөніндегі заң, Семей полигонын жабу секілді халықаралық аренада жоғары бағаланған жетістіктер жетерлік. Соның ішінде сыртқы саясаттағы қол жеткізген табыстарымыз бір төбе.

Баршаға мәлім, Қазақстан көпвекторлы саясат ұста­на­ды. Еліміз қауіпсіздік, ынты­мақ­тас­тық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосады. Бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көптеген бастамаға мұрындық болды. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударылады. Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танытқан жұмыстың іргетасы қаланды, еліміз сыртқы саясатты сындар­лы әрі белсенді жүзеге асырып келеді деп айтуға толық негіз бар.

Дегенмен мұндай деңгейге бір күнде қол жеткізбегеніміз тағы да белгілі. Азаттық алғалы қыр­уар жұмыс атқарылып, сырт­қы саясаттың іргетасы рет-реті­мен қаланды. Мәселен, ке­ңес өкіметінің құрсауынан босаған жас елде тәжірибелі, кәсіби дипломаттар санаулы болатын. Бұл күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Алайда сол кездегі ел басшылары қол қусырып отырмай, жедел іске кірісіп, тоғызыншы территорияда дип­ломатия мектебі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жұ­мыс­қа үлкен үлес қосқаны белгілі. Мәселен, 1992 жылы Сыртқы істер министрлігін толыққанды институт есебінде құру жұмыстары аяқталды. Осылайша, Сыртқы істер ми­нис­трлігі, дипломатиялық құ­­рылымдар мәртебесі мен өкі­лет­­тілігін ресми түрде орнат­қан елдердің елшіліктері туралы Ереже бекітілді. Сондай-ақ олар­дың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері ше­шіл­ді.

Елең-алаң тұста басталған шаруа бүгінде жалғасын тауып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бекітілді. Ал 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер ми­нистр­лігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, саланың негізгі бағыттарын айқындап берді. Әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату­дың маңызына тоқталды.

Қазіргідей шартараптағы гео­саяси ахуал өзгеріп, саяси теке­ті­рестер күшейе түскен кезеңде мұның өзектілігін көз көрді. Украинадағы соғыс, Израиль-Палестина қақтығысы, өңірлік және жаһандық өктемдікке ұм­ты­латындардың көбеюі әлем­­­дік саясат тақтасындағы ахуал­­­ды күрделендіріп жіберді. Осын­­дайда елімізге праг­­­­матизмге негізделген көп­жақ­ты саясат ауа­дай қажет.

Мемлекет басшысы сол жиын­да тоғызыншы территория ешкіммен жауласпайтынын, халықаралық дауларға ки­лік­­пейтінін атап өткен. Праг­­матизмге негізделген сал­мақ­ты әрі салиқалы саясаттан еш ай­ны­­ғанымыз жоқ. Бүкіл әлем бас­қыншылық әрекеті үшін Ре­сейге санкция сал­ған­да Қа­зақстан бұған қо­сыл­ма­ды. Дегенмен Президент Қ.Тоқаев Санкт-Петербург қала­сын­­да өткен эко­но­микалық форумда Украина шығысындағы сепаратистердің «Донецк ха­лық республикасы» мен «Лу­ганск халық респуб­ли­касын» тәуелсіз ел ретінде мо­йын­да­майтынын мәлімдеді. Биыл Германия канцлері Олаф Шоль­цпен кездесуде Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жар­ғысы негізінде бейбіт келіс­сөз жүргізілуін жақтайтынын жет­кізді.

Ендеше, еліміздің стратегия­лық саяси мақсаты ретінде тәуел­сіздікті, мемлекеттің еге­мен­дігін және аумақтық тұ­тас­тығын нығайту, сыртқы сая­си бағыттың дербестігін сақ­тау­ға басымдық берілетіні басы ашық мәселе. Сондай-ақ Орта­лық Азияда Қазақстанның көшбас­шы­лық орнын нығай­ту­­ға және ұзақмерзімді мүд­де­ле­ріне ерекше екпін беріледі. Тоғызыншы территория ай­мақ­тық және жа­һан­дық үде­ріс­терге белсене қа­ты­сатын бе­делді мемлекетке айналды. Тә­уел­­сіздіктің 30 жылында кә­сі­би дипломатиялық қызмет құ­ры­лып, ауқымды сыртқы сая­си міндеттер шешімін тапты. Осы уақыт аралығында қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз.

Әлем елдерінің Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде танитыны, Орталық Азиядағы көшбасшы санайтыны мынадан-ақ байқалады. Кейінгі бірнеше жылда «Орталық Азия+1» форматында көптеген келіссөз жүргізілді. Атап айтқанда, Қы­тай, АҚШ, Үндістан, араб ел­дері басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Әсіресе Америка төрінде алғаш рет өткен келіссөздің орны ерекше. Осы жиынның бәрінде тараптар Қазақстанның өңірдегі рөлін жоғары атап көрсетті.

Кейінгі жылдары Қазақстанды алпауыт дер­жа­валардың ізін басып келе жат­қан мемлекет ретінде санайтындар жетерлік. Мәселен, «The National Interest» журналына мақала жариялаған Харун Карчич елімізді Еуразияның келесі күші деп санайтынын алға тартады. Автордың па­йымдауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің дипломатиялық бағытын ағыл­шын­ша «middle power» деп аталатын ұғымға қарай бұрғанын жазады. Аталған термин қырғи-қабақ соғыс кезінде әлемдік сая­сатта негізгі держава саналмаса да, айтар ойы, шешім қабылдауға қосар үлесі бар мемлекеттерді сипаттау үшін қолданылған. Әлемде мұндай «middle power», яғни ізбасар держава қатарында Канада мен Аустралия секілді мемлекеттердің аты аталады.

Халықаралық сарап­шы­лар­дың мұндай пікір біл­діруі бекер емес. Әлбетте, әңгіме Семей полигонын жабу, ядро­лық қарудан бас тартуы туралы. Бұл бастама жер-жаһанда ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Мұндай алапаттың қаупін түсінген еліміз 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы шешім шығарды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтаған жоқ. Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы санайды.

Тоғызыншы территория атом бомбасының азабын аз тартқан жоқ. 1949 жылы 29 тамызда кеңес өкіметі Семей ядролық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізіп, соңғы «саңырауқұлақ» аспанда қалықтағанға дейін Ұлы даланың төсіне 456 мәрте жара түсіпті. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналған. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарудың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған «Little boy» атом бомбасынан 2,5 мың есе артық.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қару­дан бас тарту ісіне тікелей араласып, алып державалармен келіссөздердің табысты өтуіне зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ол ядролық қаруды таратпау секілді өзекті халықаралық саяси мәселені оңтайлы шешуде үлкен рөл атқарды. Сөйтіп, 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақ­тарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2005 жылы Семей қаласында Орталық Азия­да ядролық қарудан азат ай­мақ құру туралы шартқа қол қо­йылды.

Еліміз жаһандық түйт­кіл­дер­ді шешуге зор үлес қосқаны халықаралық қоғамдастыққа мәлім. Мәселен, 2017 жылдан бері елордада Сириядағы жағдай бойынша Астана келіс­сөз­дері өтіп келеді. Бұған дейін бір үстел басында отырмаған Сириядағы оппозиция мен үкіметтік күштер елордада бас қосты. «Астана форматы» ре­тін­де танылған жиынның әр раундына тоқталудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен қазіргі таңда Астана форматы өзінің мақсатын орындап, Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосты. Осылайша, іргелі жиын өз мәресіне жетті.

Бұдан бөлек, Қазақстан – шекарасын шегендеп, демаркация және делимитация жұмысын табысты аяқтаған ТМД-дағы санау­лы мемлекеттің бірі. Бертінге дейін шешілмей келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі де уағдаластық арқылы анықталды. Қазақстанның жаһандық мәсе­лелерді оңтайлы шешуге үлес қосып отырғанын мынадан да байқауға болады. АҚШ тарапы Ауған­стан­нан әскерін шығар­ған­нан кейін «Талибан» билікті басып алған-тұғын. Сол кезде аталған елде дағдарыс туындап, халықаралық қоғам­дас­тық мазасыз күйге түскен. Тіпті БҰҰ-ның Ауған­стан­дағы миссиясын жедел көшіруге ше­шім қабылдап, Қазақстанды қолайлы көрді.

Қазақстанның жаһандық ұйым­дарға төрелік етуі де дипло­ма­тиялық қызметтің табыс­ты жұмыс істеуімен тығыз байланыс­ты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі еліміздің жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұ­рақ­тылығына ерекше көңіл бөлетінін ай­ғақ­тайды. Сонымен қатар Қа­зақ­стан өлім жазасынан бас тартты. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына бел­сенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн.

Қорыта айтқанда, тоғы­зыншы территория тәуел­сіз­дік ал­ғалы сыртқы саясат­та көп­теген жетістікке қол жет­кізді. Бей­бітсүйгіш, та­ту­лық­ты жақ­тау­шы мемлекет ре­тін­де өңір­лік және жаһандық қа­уіп­сіздік пен тұрақтылыққа үлкен үлес қосып келеді.