Костенко атындағы шахтадағы өрттен қаза тапқан кеншілер саны артты. Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес 32 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 32 адамның мәйіті табылды, 14 кенші әлі де іздестіріліп жатыр», делінген хабарламада.
«АрселорМитталТеміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтадағы авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды.
Газ жағдайын бақылау, сынамаларды алу, сондай-ақ табылған мәйіттерді шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталарының жұмысы бір тәулікке тоқтатылды. Осы уақыт ішінде газдан қорғау құрылғылары тексеріледі.
Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Костенко шахтасынан өрт шықты. Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бас Прокуратура аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.