Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Комиссияның шешімімен Вадим Басин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
В. Басин 2022 жылғы қазан айынан бастап Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істейді. Еңбек жолын металлургия комбинатында электромонтер болып бастаған. Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді», деген еді.