Тулақ сабап жатқандай тасқа аунатып,
Қарағанды көгінен қашқан бақыт...
...Шерубай-Нұра «Шерменде» күйін шалды –
Соқыр өзен көзінен жас парлатып.
Сағым алып қашқандай самалаңды,
Қу тақырға шөгердің қара нарды.
Зарлап көшкен жұрт едің,
«Карлаг» кешкен –
Саған енді не дейін, Қарағанды?
Қазан таңы,
Қайғымның қозғап бәрін,
Аққуды аттың,
ей, ажал,
қазды атпадың.
– Көмір берем – деп жүріп
Өмір берген –
Бақұлдаспай қайтемін, боздақтарым!
Самалы арлы, Сарыарқа, санаң арлы,
Гептиль жауып құрдастың қаны ағарды...
Жанарыңнан тағы да жас саулады –
Қабағыңнан қар жауған, Қарағанды!
Тереңіме тербелген батты уайым,
Қанатыңды, қарғам-ай, Қақтырайын.
...Ақ Ордаңның ішіне жібек жайып –
Күміс сапты ожаумен ақ құяйын.
Жайлауындай жаныңның жаз әлемі,
Назы әдемі жұрт едің, сазы әдемі.
...Қаралы ту көтерген, Қарағанды –
Бірге бүгін өзіңмен Қазақ елі!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты