• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қазан, 2023

Сенат Төрағасы паралимпиада командасымен жүздесті

145 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарына қатысқан еліміздің паралимпиадалық командасымен кездесті, деп хабарлайды  Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ІV жазғы Азия пара ойындарындарын боччадан Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға табан тіреген болатын.

Мәулен Әшімбаев  боччашылардың алғаш рет Азия пара ойындарына қатысқанына қарамастан  ірі додада лайықты шеберлік танытқанына алғысын айтты.  Қазақстан құрамасы Иран, Корея, Гонконг, Таиланд, Жапония сынды елдердің атлеттерімен сынға түсті.

«Жарыс жолында сіздер табандылық пен төзімділік таныта білдіңіздер. Азия пара ойындарына қатысу арқылы мол тәжірибе жинап, отандық бочча тарихындағы жаңа кезеңге жол аштыңыздар. Жеңіс дегеніміз – қиындықтар мен кедергілерді еңсеріп, өз мақсаттарыңа қол жеткізу. Қытайдағы сайыста қарсыластардың тәжірибелі құрамалар болғаны белгілі. Сондықтан жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алудың өзі айтарлықтай нәтиже. Біз осы сайыста өзіміздің әлі де болса жетілдіретін тұстарымызды анықтап алдық. Алдағы уақытта сол бағыттар бойынша жұмыс істейміз»,  деді  бочча федерациясының президенті.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев жетістікке тоқмейілсімей келесі сайыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра берудің маңызы зор екенін, келер жылы да бәсі биік  жарыстарға қатысу жоспары түзілгенін  айтты.

«Федерацияның жоспарына сәйкес желтоқсан айында боччадан ел Кубогі сарапқа салынады. Келесі жылы тағы алты сайыс өткізу көзделіп отыр. Сондықтан қарқынымызды бәсеңдетуге еш негіз жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде спорт саласын дамыту үшін түбегейлі өзгерістер қажет екенін айтты. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі басқару сапасын жақсарту, сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиадалық комитет және спорт федерациялары арасындағы жұмыс үйлесімділігін арттыру екені сөзсіз. Осыған байланысты Қазақстан бочча федерациясы да жаттықтырушылар құрамымен жұмысты жетілдіреді және оң нәтижелерге қол жеткізу жолында басқа да шараларды қабылдайды», деді. Қытайда өткен  Азия пара ойындарында боччадан бақ сынаған ұлттық құрама сапында Мейірбек Оразбек, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Темірлан Алтынсары додаға қатысты.