Жаңадан құрылған облыс үшін инвестиция тартудың қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Шыны керек, облыста жаңа өндіріс орындарын ашу ауадай қажет дүние болып тұр. Бұл дегеніңіз – қосымша қаржы көздері, жаңа жұмыс орындары екенін айтпаса да түсінікті.
Облыс басшылығы өңір экономикасына жаңа леп әкелетін жобаларды қолдауға дайын. Бірақ соның жолын табудың оңайға түспей жатқаны да рас. Дегенмен аймаққа облыс құрылғаннан бергі алғашқы шетелдік инвесторлар да келе бастады. Олардың ұсынған жобасы халықтың да көңілінен шықты.
Мысалы, Жезді кентінде кремний зауытын салуға қытайлық кәсіпкерлер Шао Ханминг пен Ми Ронг қатысуға ниет танытты. Мұндағы жобаның жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын болса, қытайлық компания осының 20 пайызын құюды көздеп отыр. Қалған қаражатты өзіміздің кәсіпкерлер көтереді. Жаңа зауыт іске қосылғанда 200 жұмыс орны ашылмақ. Қытай жағынан 40 шақты маман шақырылады. Олар – осы заманғы технологияның тілін меңгерген мамандар.
Екіжақты әріптестік аясында ашылатын зауыт экологияға да баса мән бермек.
– Біз жергілікті халықтың алаңдаушылығын жақсы түсінеміз. Сондықтан зауытта сүзгілеу, яғни фильтрлеу жүйесі орнатылады, шаң, тозаң сыртқа шықпайды,– деп сендірді қытайлық компания өкілдері кент тұрғындарына зауытты таныстыру барысында. Зауыт жоспар бойынша 2024 жылдың тамызында пайдалануға беріледі.
Отандық «ТехноГруппСервис» ЖШС мен қытайлық «Sinohydro Engineering Bureau Machinery and Equipment Co.Ltd» компаниясының бірлескен екі жобасы Ұлытау облысындағы жасыл энергия өндірісіне бағытталған.
Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталған екі компания басшысымен үшжақты меморандумға салтанатты түрде қол қойды.
Жалпы құны 489 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық жобалардың бірі – жел энергиясын өндіретін станса болса, ал екіншісі – осындай стансаларға қажетті мұнара өндіретін зауыт болмақ.
– Біз екі жобаны да толық қолдап, қуаттап отырмыз. Сондықтан станса орнату үшін облыстың Жаңаарқа ауданынан 20 мың гектар, ал зауыт салу үшін Жезқазған маңынан 20 гектар жер бөлдік. Станса 3,4 млрд киловат энергия өндіреді. Бұл біздің қажетімізді толықтай қамтамасыз етеді. Арзан энергияға қол жеткіземіз. Егер мүмкіндігі келіп жатса, артық энергияны еліміздің басқа өңірлеріне жеткізбекпіз, – деді облыс әкімі үшжақты меморандумға қол қою рәсімі кезінде.
«Sinohydro Deputy» компаниясының директоры Жи Жен Вей жел стансасы мен зауыттың Ұлытау облысының экономикасын көтеруге өзіндік үлесі бар жобалар екенін атап өтті. Серіктесінің сөзін «ТехноГруппСервис» компаниясының жетекшісі Жомарт Момынбаев одан әрі нақтылай түсті.
– «Sinohydro Deputy» компаниясы – әлемдік нарықта жасыл энергия саласындағы әйгілі компания, тәжірибесі мол.Сондықтан мұндай компаниямен серіктеске айналу, бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі туғанына қуаныштымыз. Жезқазғанда салынатын зауыттың елімізде баламасы жоқ. Жоба бойынша зауыт жылына 100 мұнара шығарады. Ал оның қуаты 500-600 мегаватқа жетеді, – деді ол.
Ауқымды жобаларды іске асыру 2024 жылдан басталады. Жобалар толықтай пайдалануға беріліп, іске асқан кезде облыста жаңадан 300 тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.
Ұлытау облысы