Қаза болған кеншілердің отбасы мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз... Өзекті өртейтіні – кейінгі жылдары «АрселорМиттал Теміртау» өндіріс ошақтарында болған қайғылы оқиғалар тізбегі көбейді.
Осы уақытқа дейін «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылғандары да бар. Былтыр бір аптаның ішінде бес жұмысшының қаза болғаны есімізде. Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды.
Тамыз айындағы апаттан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Осы жолғы апаттан соң «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл көптің біраз уақыттан бері күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп. Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің қорытындысы осыған әкелді.
Осы тұста ескеретін бірнеше мәселе бар. «АрселорМитталдың» орнына кім келеді? Отандық инвестор болса, құба-құп. Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі – ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте Президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық іс.
Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық алдындағы инвестициялық бет-бейнесін сақтап қалу, Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту. Бұған дейін «АрселорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зияны мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да компаниямен келісімшартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек. Яғни мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені жіті қарау керек. Бұл орайда, Президенттің кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек болары сөзсіз.
Абзал ҚҰСПАН,
Мәжіліс депутаты