Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған өртке қатысты жағдай қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов ең алдымен Үкімет атынан және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Бұдан кейін Министрлер кабинетінің мүшелері марқұм болған кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Барлық зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тілеймін. Денсаулық сақтау министрлігі емделіп жатқан әрбір кеншінің жағдайын бақылауда ұстасын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді», деді Премьер-министр.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлім еткендей, 28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте өрт шығып, одан кейін метан-ауа қоспасы жарылған. Оқиға орнына дереу Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының күштері жұмылдырылды.
Апат кезінде ауысымда 252 кенші болған, оның 5-еуін құтқару қызметінің күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды, 200-ден астам адам өз бетінше көтерілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 45 кеншінің мәйіті және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды.
Іздеу жұмыстары электр қуатының болмауы, тау-кен қазбаларының ұзындығы және көптеген бұзылған механизмдердің болуы салдарынан қиындағаны айтылды. Жекелеген су басқан қазба орындарына қол жеткізу қиын болған.
Қазіргі таңда ашық өрт ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахта қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Апат себептерін тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелері шахтаға түсті. Нәтижесінде өте маңызды бұзылулар анықталды: тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен, 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету қондырғылары қираған. Тергеуге Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдердің сараптамалық ұйымдары тартылды.
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндама жасады.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтті.
«Биыл тамыз айында да «АрселорМиттал Теміртауда» осындай апат орын алған болатын. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі», деді ол.
Премьер-министр олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастағанын, мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырып келе жатқанын айтты.
«Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртауда» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, арнайы Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.
«Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды», деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.