Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмасбек Бұхарбаев және «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жан Қаратаев екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан Мария Курбатованы жүз жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Майдангерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хат тапсырған подполковник Алмасбек Бұхарбаев азат етуші батырлардың мәңгі есте сақталатынын, ал ардагерлерге қамқорлық жасау – әр әскери қызметшінің міндеті екенін атап өтті.
Мария Курбатова 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысына қарасты Воронцовка ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде ол көшпелі госпитальда жаралыларға көмек көрсетті. 1943 жылы майданға барар алдында Мәскеу облысындағы мергендерді даярлау жөніндегі нұсқаушылардың орталық мектебін үздік тәмамдады.
Аға сержант Мария Курбатова 138-ші Қызыл Ту атқыштар дивизиясы 650-ші Суворов ордені атқыштар полкінің құрамында шайқасқан. Украина, Польша, Чехословакияны азат етуге атсалысқан.
Соғыс аяқталғанда Павлодарға оралып, орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Мария Даниловна Отан соғысы, Жуков ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Әскери қызметшілердің көрсеткен қамқорлығына майдангердің туыстары ризалықтарын айтып, алғыстарын білдірді.