Елордадағы ең көне театрлардың бірі саналатын М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры ұзақ уақытқа созылған күрделі жөндеуден кейін төл ғимаратында 123-маусымының шымылдығын ашты. Шығармашылық ұжым тамаша сәтті тағатсыздана күткен көрермендеріне Қ.Жүнісов пен И.Сединнің «Әлия» тарихи драмасын тарту етті.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған қойылым қазақтың қаһарман қызының ерлік істерін дәріптеп қана қоймай, актер, режиссер Игорь Сединнің архив ақтарып тапқан тың деректерімен де толыққан. Соның бірі – сарғайған сағынышқа толы хаттар.
– Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, небәрі 19 жасында батыр атанған қазақтың өжет қызы Әлия Молдағұлованың өмір жолы мен ерлік аңызы мені қатты таңғалдырды. Пьесаны оқып, батыр қыздың өмірбаянымен танысқаннан-ақ қойылымның тұтас құрылымы көз алдыма келе қалды. Әлияның майдан даласындағы көзсіз ерлігімен қатар, қаршадай қыздың адам ретіндегі армандары мен кісілік келбетіне, ішкі толқыныстарына да үңілгім келді. Осы үшін архивке бас сұқтым. Сол жақтан тапқан құнды құжаттар, майданнан ата-ана, туғандарына жолданған сағынышқа толы сарғайған хаттар спектакліміздің сыршылдық сипатын айшықтай түсті. Бұл шешіміміз көрермендерге де ұнаған секілді. Сол үшін қуаныштымын, дейді қойылым режиссері Игорь Седин.
Спектакльде басты рөлді театрдың талантты актрисасы Айжұлдыз Халықова кемеліне келтіре кейіптеп шықты. Режиссердің сөзінше, актриса режиссер қойған талаптың барлығын жоғары деңгейде орындаған. Бұған дейін де «Кішкентай ханзада» қойылымында бірлесе жұмыс істеген талантты тандем «Әлия» қойылымын да әсерлі етіп жеткізе білді. Ал спектакльдің сахналық шешімі, яғни сценографиясымен жұмыс істеген Қанат Мақсұтов режиссер ойын бірден ұғып, оқиға әсерін беретін нағыз атмосфераға бай кеңістік тудыра білді. Тағылымға толы қойылымды көрермен де зор қуанышпен қабыл алды. Шымылдық жабылғаннан кейінгі үзілмей ұзақ соғылған толассыз шапалақ үні соны айқын аңғартқандай.
Қалпына келтірілген көне театрдың тағы бір жарқын жаңалығы – жаңа маусыммен қатар көркем ғимаратта ашылған «Жаңа театр» халықаралық театр форумы да театр саласының қызметкерлері үшін жемісін берді. Екі күнге созылған шарада білікті мамандар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған театр актерлері мен режиссерлерге, жалпы форумға қатысушылар үшін сахналық сөйлеу (педагог Дмитрий Кошмин, Санкт-Петербург қаласы), семсерлесу (педагог Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Матвеев, Астана қаласы), режиссура және актерлік өнер (педагог Рача Махатаев, Астана қаласы) бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар форум жұмысына театр сыншылары, атап айтқанда өнертану кандидаты Сәния Қабдиева (Алматы қаласы) мен Антон Алексеев (Санкт-Петербург қаласы) қатысып, «Қазақстан театрларындағы заманауи үрдістер» тақырыбында дәріс оқыды. Театр сыншыларының М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұжымының жаңа қойылымдарына жасаған кәсіби талдауы да театрдың тұрақты көрермендері үшін әсерге толы ерекше өнер оқиғасы болғаны анық.
Бірнеше жылға созылған күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап қалған шығармашылық жұмыс қайта жанданып, театр сахнасында «Әлия» спектаклімен қатар және бірнеше жаңа қойылымның премьералық көрсетілімі өтті. Олардың қатарында Р.Махатевтың режиссерлігімен қойылған А.Чеховтың «Шие бағы» комедиясы, А.Трояновтың режиссерлік қолтаңбасы сән берген Т.Леттстің «Жаздың соңы» және режиссер С.Федотовтың суреткерлік сараптауында ұсынылған Э.Ростанның әйгілі «Сирано де Бержерак» қойылымдары бар.
Айтулы спектакльдер күрделі жөндеуден өткен театр ғимаратында 123-маусымының ашылуына арнайы дайындалды. Театр жаңалығы әсте мұнымен тоқтамақ емес, шығармашылық ұжым алдағы уақытта да көңілге рухани ләззат сыйлар қызықты қойылымдарымен ересектер мен кішкентай көрермендерін әр кез қуантуға асық.