Елорданың №1 мектеп-лицейі енді аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің есімімен аталады. Мұндай шешімді Астанадағы ономастика комиссиясы қабылдады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінен мәлім болды, деп жазады Egemen.kz.
Осы орайда мектеп-лицейде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің атына кабинет ашылды. Аталған кабинетке ұшақтардың үлгілері, фотосуреттері және оның марапаттарының көшірмелері қойылды.
Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры, ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров лента кесті.
Шараға Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Есет Байкен, елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов, жазушы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, еңбек ардагері Болат Темірбаев қатысты.
Әйгілі ұшқыш әуе шайқастарында жау ұшақтарын жайратқаны үшін 24 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды. Батыр жауынгерлік миссиямен 305 мәрте ұшып, қарсыластың бірнеше ұшағын атып түсірген. Соғыстан кейін Талғат Бигелдинов КСРО Әскери-әуе күштері мен азаматтық авиацияда қызметін жалғастырды.
Қарулы Күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің атсалысуымен мектеп-лицейде соғыс қаһарманы Т.Бигелдиновке арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.
Аталған мектеп-лицейде Феникс» пікірталас клубы мүшелері мен шара қонақтарының қатысуымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оқушыларға ұшқыш мамандығының ерекшеліктері айтылып, сұрақтарына жауаптар берілді.
Аты аңызға айналған шабуылдаушы ұшқыш Талғат Бигелдиновтің құрметіне оқушылар «Ұшу үшін жаратылған» атты әдеби композиция орындады. Іс-шара мектеп-лицей ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.