Президенттің тапсырмасына сәйкес Туризм және спорт министрі Е.Маржықпаев федерация басшыларының есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарындағы көрсеткішке байланысты ескек есу, жеңіл атлетика және садақ ату федерацияларының басшылары есеп берді.
Азия құрлығының төрт жылдық аламанында академиялық ескек есуден спортшыларымызға медаль бұйырған жоқ. Бірақ байдарка мен каноэде ескек есу сайысында 1 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлде еншімізге тиді.
Туризм және спорт министрі академиялық ескек есу бойынша ұлттық құраманың Азиададағы нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтты. Ескек есушілерді Азия ойындарына аттандырғанда зор сенім артылып, алтын медаль олжалайды деген үміт те басым болды. Қытайдағы аламанды арнайы барып тамашалаған министр Е.Маржықпаев құраманің ішкі тәртібіне бағынғысы келмейтіндерді тезге салу жөнінде ескертіп, спортшылардың функционалдық һәм дене даярлығы да мардымсыз екенін айтты. Жеңіл атлетика федерациясының басшылығы да мақтау естіген жоқ. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарынан атлеттер 4 қола медальді місе тұтып, жалпыкомандалық есепте 16-орынға орнықты. 2018 жылы Индонезия елі өткізген жазғы Азия ойындарында жеңіл атлеттер командалық есепте 8-сатыға тұрақтаған еді.
«Париждегі төрт жылдықтың басты додасына небәрі 8 ай қалды. Қазір бізге нақты жоспар мен ынтымақтастықта жұмыс істеу қажет. Федерацияларға ұлттық құраманың резервін қалыптастыру жөнінде жұмысты күшейтуді тапсырамын. Бас жаттықтырушылармен бірлесіп Париж Олимпиадасына дейін команда көшбасшыларын жеке даярлаудың жоспарын дайындау керек», деді министр.
Садақ ату федерациясы басшысының да баяндамасындағы айтылған мәлімет мәз емес. Тіпті бірде-бір бағдарламада медаль бұйырмады. Күйінген Е.Маржықпаев садақ атушылардың жұмысына қанағаттанбайтынын айтты. Министр қыр астында тұрған Париж жазғы Олимпиадасына тыңғылықты даярлық түзу үшін, жекелеген спортшыларды шарболаттай шыңдауда отандық мамандардың біліктілігі көтермесе, сырттан бапкер шақыру қажеттігін де ескертті.