Атыраулық суретші Назерке Ищанова Испанияда өткен халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленіп, салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алды.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС-да баспа дизайнері болып жұмыс істейтін Н.Ищанова түрлі картинаны электронды қаламмен планшетке салады. Биылғы қыркүйекте Испанияда өткен суретшілердің «Усы Дали» байқауының «Digital Painting» аталымына өз туындысын жіберген. «Бұл байқауға жаһанның 60 елінен 150 суретші қатысты. Мен 26-35 жас аралығындағы үміткерлер тобына «Бәрі бір адамның бастамасынан басталады» атты суретімді жіберген едім. Қазан айының басында суреттің тексерілгені, байқауға қабылданғаны туралы хабар алдым. Ал кеше халықаралық байқау қорытындысы бойынша бірінші жүлдені иеленгенімді хабарлады», дейді суретші.
Халықаралық байқаудың салтанатты марапаттау іс-шарасы Испанияның Косто-Брава курортты аймағында алдағы жылдың наурыз-сәуір айында өтеді. Атыраулық суретші аталған іс-шараға шақырту алды.
Қазір оның жеке қорында 50-ден аса тарихи картина бар. Тарихи шығармаларды оқығанды, ұлт зиялылары мен батырларының, Алаш арыстарының өмірін, еңбегін зерттегенді ұнатады. Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық дизайнер Лондонда халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленгенді.
Былтыр «Мұнар күн» картинасы Лондон қаласында өткен «Алтын таланттар уақыты» халықаралық байқауының бірінші жүлдесін иеленді. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты өтеді.