• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Мәдениет 01 Қараша, 2023

Көше театрларының фестивалі

217 рет
көрсетілді

Театр өнерінің ішінде бізге атауы ертеден-ақ таныс болғанымен елімізде бұған дейін қолға алынбаған сала бар, ол – көше театры. Аты айтып тұрғандай мұнда қойылымдар далада, ауқымды кеңістіктерде, мереке-жиындарда көрсетіледі. Тарихы тереңде жатқан көше театрларының бастауы сонау б.д.д. Грекиядағы Дионис құдайдың құрметіне арналған салтанатты мереке, сондай-ақ Шығыс елдерінің ұлттық дәстүрлерінен туындаған ең алғашқы қойылымдары еді. Сол сияқты Қайта өрлеу дәуіріндегі карнавалдық мерекеден дамып, өзінің ерекше формасымен танылған италиялық комедия дель арте театры көше театрына жатады. Өткен ғасырлардағы қазақ топырағында орын алған көші-қон кезіндегі салттарда да, сал-серілердің өнерінде де көше театрларының элементтері мол. Жалпы, қалыптасу тарихының алғашқы күндерінен-ақ әрбір ұлттың кәсіби театрының дүниеге келуіне ықпал еткен театрдың бұл түрі қазіргі уақытта өнердің бір саласы ретінде кеңінен дамыған. Бүгінде көптеген елде көше театрлары фестивалін өткізудің қолға алынуы да сондықтан. Яғни променад, флешмоб, хэппенинг, site-specific, энвайронмент, боди-арт сияқты түрлі жанрлар мен бағыттарды бойына жиған бұл өнерде көшелерде, зауыт-фабрикаларда, базарлар мен белгілі бір кеңістіктерде өнер көрсету арқылы халықтың өнерге деген қызығушылығын тудырып, сол халықпен тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік мол.

Осындай шығармашылық үрдістің негізінде түркі әлемінің астанасы саналатын Түркістан қаласында облыстың құрылғанына 5 жыл толуына арналған халықаралық көше театрларының фести­валі өтті. Елімізде алғаш рет болған мәдени іс-шараны Түркістан облысының әкімдігі қолдап, облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырды. Жоғарыда айтып өткен көше театрының түрлері мен бағыттары жөнінде фести­вальдың алғашқы күнінде болған дөңгелек үстелде өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс өзінің баяндамасында жан-жақты талдап берді.

Шығармашылық сайысқа қатысқан Қ.Медетбеков атындағы Талас облыстық музыкалық драма театры (Қырғызстан), Б.Юлдашев атындағы «Дийдор» жас­тар эксперименталды театр студиясы (Өзбекстан), Бурса муниципалитетінің қалалық театры (Түркия) және қазақ­стан­дық ұжымдар: А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қала­сының музыкалық драма театры, Түр­кістан музыкалық драма театры, Сай­рам аудандық қазақ халық театры, Орда­басы аудандық Мәдениет үйінің жаны­нан құрылған «Темірлан» халық театры, Сауран аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Қарашық» халық театры, Шар­дара аудандық Мәдениет сарайы, «Керуен сарай» ойын-сауық орталығы, Шым­кент циркі өздерінің ізденістерін сарап­қа салды.

Фестивальдың ең алғашқы қойылымы қырғызстандық ұжым ұсынған «Мәңгүрт» спектаклі болды. Ш.Айтматовтың «Ғасыр­дан да ұзақ күн» романынан жасалған сахна­­лық жүйенің оқиғасы Найман ана мен Жола­манның желісіне құрылған. Бұл жерде мәңгүрттік тақырыбын қаузаған сахна­лық жүйе авторы әрі режиссер Нұрбек Урмат­­жанұлы дәл қазіргі смартфонға тәуел­­ді ұрпақ санасының адамгершілікке, гума­низмге емес, керісінше ойсыздыққа, қатыгездікке, мейірімсіздікке бағытталып жатқанын ашық айтады. Мұнда бүгінгі гаджетсіз, құлаққапсыз өмір сүре алмайтын қоғамның болашағына алаңдаушылық бар. Ал өзбек ағайындар көрсеткен «Май­са­ра­­ның айласы» қойылымында (авт. Х.Ниязи, реж. Б.Юлдашев) жесір әйел Май­сара бірін-бірі ұнатқан Чубон мен Ойхонның қосылуы үшін сұлу қызды түрлі айла­мен судьядан, Хидояттан, Ходжи Дар­га­дан құтқарады. Түрлі айламен қызға қол жеткізуді армандап келгендердің бірін өгіздің терісіне орап, біріне әйел киі­мін кигізіп, енді бірін жәшікке тығып, ақы­ры шынайы махаббаттың салтанат құруына ықпал етеді. Жалпы, бұл спектакль қызу темпо-ритмімен, комедия жанрына тән жар­қын атмосферасымен, жас орын­дау­шы­лар­дың еркін әрі шынайы өнер көр­се­туі­мен, жарқыраған киім үлгілерімен есте қалды.

Түркиялық өнер ұжымының Н.Тетик­тің­ пьесасы бойынша сахналаған «Медда, адамның хал-күйі» спектаклінде де жанрға байланысты комедиялық сарын бар. Спектакльдің экспозициясында және кейбір көріністерінде баяндау­шы оқиғаның не туралы екендігін айтып, қысқаша түсініктеме беріп тұрады. Мұнда да қызына құда түсіп келген жігітті өзіне келді деп ойлаған әйелдің әрекеті күлкі тудырады. Алайда сахнада осы оқиға бастан-аяқ әрекет пен диалогтер арқылы беріліп отырғандықтан баяндаушы түсініктемесінің қажеттігі байқалмады. Осы ретте спектакльдегі оқиғалар желісінің көрерменге түсінікті болуы үшін қазақ және орыс тілдеріне аударылған қысқаша аңдатпаның қажеттігін айтқымыз келеді.

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыс­тық қазақ драма театрының аталған фести­вальға арнайы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Идея авторы әрі режиссері Мәлік Ақүрпеков өзінің «Суретші» деп аталатын шағын ғана шығармасына ХІХ ғасырда өмір сүрген француз суретшісі Жан-Леон Жеромның «Шындықтың құдықтан шығуы» атты туындысын негіз етіпті. Суретшінің рөліндегі Жандос Ілиясбековтің сұрақ қою арқылы көрер­мен­мен байланысқа түсуін ұтымды әдіс деп білеміз. Спектакльдің оқиғасына төрт желі арқау болған. Біріншісінде көз тұсын ақпен, бетінің одан төменгі бөлігін қарамен және керісінше, көзінің тұсын қарамен, одан төменгі бөлігін ақпен бояған екі кейіпкер құдыққа түседі. Бұл жерде ақиқатты құдыққа түсуге мәжбүр етіп, сол ақиқаттың киімін киіп алған жалғанның жасандылықпен арамызда жүргеніне куә боламыз. Одан кейін шыққан екі орындау­шы беттерін жартылай ақпен, жартылай қара түспен бояған. Бұл дегеніміз – адам баласының екіжүзділігі. Үшінші көріністе махаббаттың тұрақсыздығымен жүзде­семіз. Өзін күтіп тұрған сүйгенінен бөлек өзге жігітпен кездескен қыз сезімінің жал­ғандығы ойландырады. Ал төртінші көрі­ністе екі достың қарым-қатынасындағы жал­ғандық, жасандылық көрінеді. Жалпы, атал­ған қойылымда режиссер адам өмі­рінде адалдықтан гөрі зұлымдықтың жеңіс­ке жететінін айқара ашып көрсете алды. Сондай-ақ Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғыт­баевтың «Беу, қыздар-ай» комедиясынан үзінді көрсеткен Түркістан музыкалық драма театрының әртістерінде пластика, дауыс ырғақтарының әсем иірімі бар. Флешмоб бағытында ұсынылған қысқа ғана музыкалық композициядан ұжымның кәсіби бағдарын байқау қиын емес.

Жетісай театрының «Дара жол» атты театрландырылған қойылымы бол­­са сақ тайпасының патшайымы Томи­ристің еркіндік жолындағы ерлі­­­гін баян­дай­ды. Сахналық жүйе авторы әрі режис­сер Жамбыл Файзиев сол дәуір­­де­гі жауынгерлердің ерлігін көр­сету мақсатында дүңгірлеген дыбыс­ пен сах­на­лық түтінді пайдаланады. Деген­мен бас­ты рөлдегі Бақтыгүл Қал­дар­бе­кованың да, төңірегінде ел қорғап жүр­ген жауынгерлердің де жүздерінен отан­шылдық рух, патриоттық сезім байқай алған жоқпыз. Орындаушылардың сылбыр ойыны мен жаттанды сөздері ғана орын алған қойылым небәрі он бес минутқа құрылған. Алайда әскерлер биінің тым ұзақтығынан және әрекеттен гөрі сөздің басымдығынан шығарманың мәні айқындалмай қалды.

Ал түркістандық Р.Сейтметов атын­дағы ұжым хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің негізінде «Қалың елім, қазағым» деп аталатын спектакль алып келіпті. Алайда Абай мен Тоғжанның сезімдері ғана көрсетілген қойылым атауына сай емес. Сол сияқты Абайдың Тоғжанға он бес-он алты жасында ғашық болғандығы барлығымызға белгілі. Ал мұнда рөл орындаушылар кейпінің кейіпкерлердің жасына сәйкес келмейтіні анық көрінді. Жалпы, көше театрларының қойылымы үшін сөз маңызды емес, керісінше қызу әрекет, қарқынды қимыл-қозғалыс, мимика, музыка, суырыпсалмалық өнер, актердің сыртқы көрінісі, яғни оның костюмі бас­ты орында. Сол тұрғыдан алғанда бұл ұжымның спектаклі ерекшелене алмады. Осы Түркістан қаласындағы Керуен сарай ойын-сауық орталығының «Қыз Жібек пен Төлеген» деп аталатын қайықтар шоуында режиссер Л.Зарембо Ғ.Мүсіреповтің шығармасындағы Төле­ген, Жібек, Бекежан үштігін негізге алыпты. Бұл жерде, әрине, актерлік ойын, олардың сахналық қимыл-қозғалысы шектеулі, яғни бұл жерде ең алдымен көзге түсетіні – қайықтардың мизансценасы. Ғашықтардың кездесуінде немесе Төлеген мен Бекежанның тартысында сол қайықтар бірде қатар, енді бірде бірінен кейін бірі жүзіп, су бетінде әдемі көрініс жасайды және найза бейнесіндегі су бұрқақтар, лап еткен оттың жалыны трагедиялық оқиғаға келісті үйлескен.

Сайрам аудандық қазақ халық театры­ көрсеткен «Махаббат серенадасы немесе бала мен қайыршы» спектаклінде де тақырып ішкі мазмұнға сай емес. Басты кейіпкер Шәмшінің салмақты мінезін беруге тырысқанымен рөлдегі Тілеген Ормаштың бойында қобалжу, жатырқау мүлдем жоқ. Яғни ол өзін тілі, дәстүрі, өмір сүру салты бөлек ортада емес, сығандарды күнделікті көріп жүрген, бұрыннан таныс­тай ұстайды. Жалпы, аталған қойылымда сығандық тобырдың атмосферасы жұтаң, мінездік ерекшелік жоқ. Алайда театр өнері бо­йынша кәсіби білімі болмағанымен рөл орындаушылардың бейне жасауға деген ынтасына куә болдық. Академиялық білімі болмаса да өздерінің ізденістерімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген осындай ұжымның бірі – Сауран аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Қарашық» халық театры. Олардың «Үрей» деп аталатын қойылымында араққұмарлыққа салын­ған адамның түптің түбінде имандылыққа бет бұруы, асырап алса да ата-анасына мейірімді баланың адалдығы айтылады.

Ал Шардара аудандық Мәдениет сарайының «Енжарлық түбі – өкініш» қойылымында режиссер де, актерлер де сахнадағы оқиғаны бірте-бірте дамытудан гөрі бірден нәтижеге қол жеткізген. Қылмыс жасаған бизнесменнің баласының теріс әрекетін жуықта ғана болған, көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы таныс Келес ауданындағы оқушылардың төбелесін бейне­экраннан көрсету арқылы шешкен. Сол көріністен соң Қыдырбаевтың бірден қолға түсуі көрерменін сендірмейді. Яғни режиссер техникаға сүйенген. Осы тұста Қыдырбаевтың рөліндегі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын актерлік мамандық бо­йынша тәмамдаған Абзал Құралбаевтың кәсіби білімінің айқын байқалғанын атап өткен жөн.

«Темірлан» халық театрының репер­­туа­рындағы «Тәуелсіздік ақ таңы» спек­таклінде қоюшы Перизат Байма­ха­нова қазақ халқының өткені мен бүгінін байланыс­тырады. Мүгедектер арба­сын­да отырған жігіттің көрген түсі арқылы Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жыраудың жалынды сөздері беріледі. Онда ел мен жер­дің тағдырынан, ұрпақтың жарқын бола­­ша­ғынан сыр шертіледі. Мұндағы қақ­тығыс ағайындылардың арасында өрбиді: яғни олардың бірі – ұлтжанды, елі мен жерін сүйетін отаншыл болса, екін­­шісі – керісінше жаһандық дамуды аңсайды, шетелдік өркениетке еліктейді. Олар­дың сөз тартысынан және өмірі арбаға таңылған жігіттің күйінен бүгінгі қоғам­ның мүгедек халін, жастардың сан-саққа бөлін­ген санасын танимыз. Алайда рөл орын­даушылар сөздерінің бастан-аяқ не үшін фонограмма арқылы берілгенін түсіне алмадық. Шығармашылық ұжым аузын жыбырлатумен өнер тумайтынын біл­меген сияқты.

Жалпы, аталған фестивальға қатысқан шығармашылық ұжымдардың барлығы дерлік өздерінің сахналарында болып жатқан спектакльдерді даланың шағын кеңістігіне алып келген. Бұл біріншіден – елімізде көше театрының жоқтығын, мүлдем болмағанын, екіншіден – жалпы көше театрына тән ерекшелікті білмегеннен болып отыр. Яғни бұл бағыт бойынша елімізде тәжірибе жоқ. Сол сияқты драматургиялық негіздің жоқтығынан көптеген қойылым композициясының шашыраңқы болғанын жасырмаймыз. Және осы тұста алдын ала жасалған фес­тиваль бағдарламасында қай театрдың қандай спектакль көрсететіндігі туралы мәліметтің (автор, режиссер, композитор, т.б.) болу қажеттігін баса айтамыз. Мұны тек Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма­ театры ғана ескерген. Алдағы уақытта аталған фестивальдың өтуі мүмкін болған жағдайда алдын ала іріктеу-саралау жұмыстарының жасалу керегін ескертеміз. Сол сияқты біз көрген қойылымдардың қорытындысы халық театрлары мен аудандық Мәдениет үйлерін кәсіби театрлармен салыстыруға келмейтінін байқатты.

Ал, жалпы алғанда, Түркістан облысы әкімдігінің әлемдік көше театрларының қалыптасу, даму жолын бағамдап, осы бағыттағы театрлардың фестивалін жасау­дағы алғашқы қадамы құптарлық.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры