• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 01 Қараша, 2023

Жас ғалымдар диалогі

235 рет
көрсетілді

Алматыда «Жас ғалымдар диалогі: Science Talks» ІІІ халықаралық форумы өтті. Оны Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұйымдастырды. Екі күнгі іс-шара аясында ғылымның түйткілді мәселелері айтылып, Америка, Жапония, Ұлыбритания, Польша, Қытай, Түркия, Ресей, Аустралия сияқты әлемнің 20-ға жуық елінен келген ғалымдар тәжірибелерімен бөлісті.

Ұлттық ғылым академиясының президенті, биология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Күн­сұлу Закария жас ғалымдардың ғылыми бастамаларына қолдау білдіру мақсатында мемлекет та­ра­пынан тиісті жұмыстар атқа­рылып жатқанын тілге тиек етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес талантты жастарды ғылыми ортаға тарту мақсатында академия жанынан ғылымның басым бағыттары бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобы құрыл­ды. Оның құрамында 500-ге тарта жас ғалым бар. Астана және Ал­маты қалаларында, жоғары оқу орындарында аталған жұмыс топтарының бірнеше отырысы өтіп, ғылымды дамыту бойынша және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына қа­тыст­ы ұсыныстар қаралды. Бұл форум жас ғалымдардың жетіс­тіктерін насихаттап, ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз», деді ол.

Қазіргі кезде елімізде 3 млн-нан аса жас бар екенін ескерсек, олардың орташа жасы – 32. Осы орайда Ұлттық ғылым ака­демиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев форумды өткі­зудегі мақсат – жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігі мен ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған орта мен экология мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын дәріптеу мен ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесу екенін атап өтті. Биыл форумға қатысу үшін 500-ден аса өтініш келіп түскен. Жас ғалымдарды қызықтырған ғылым салалары бойынша 7 секция жұмысы ұйымдастырылып, ғылыми жетістіктер көрмесі, ком­мерцияландыру, шетелдік жоға­ры рейтингті журналдарға ма­қа­­ла жариялауға қатысты ше­бер­лік сағаттарына мән берілді. Форумның ықпалын арттыру мақсатында еліміздің 4 облысынан 70-тен аса дарынды мектеп оқушылары шақырылып, үздік ғылыми жұмыстарын таныстырды.

Пленарлық отырыста Қытай ауыл шаруашылығы универси­тетінің профессоры, PhD Вэнфэн Лю егіншілік және егін суарудың маңыздылығына қатысты тәжіри­бесімен бөлісті. Ол қазіргі кезде әлемдегі су тапшылығының ал­дын алу, жас дақылдарды суа­ру мәселесін көтерді. Қытай елі өкілінің айтуынша, ауыл ша­руа­шылығында су жетіс­пеу­шілі­гі өнімнің бітік шы­ғуы­на кері ықпалын тигізеді. Бұл рет­те ға­лымдарға жаңа техно­логия­лар­дың көмегіне жүгіну­ге тура келе­ді. Ендігі кезекте тәжі­рибеге ене­тін жоба жас дақылдарды қу­рап қалудан сақтап, уақтылы ылғал­дандырып отырудың заманауи технологияларын қарастырады. Вэнфэн Лю атап өткендей, әлемде туындап отырған азық-түлік қорын сақтау және оны тұрақты көбейтіп отыру үшін әлем ғалымдарының бірлескен зерттеулері қажет.

Ғалымдарды Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас ғалымы, биология ғылымдарының докторы Индира Бейшованың жылқы тұқымдастар генетикасын зерттеудегі жобасы қызықтырды. Ол жылқы тұқымын таңдау, өсі­ру әдістері, сұрыптау және жұп­тау қағидалары, асылдандыру, сонымен қатар жылқының тұ­қы­мына генетикалық зерттеу жүр­гізу туралы айтып берді. Толық геномдық SNP талдауы негізінде отандық жылқы тұқымдарының генетикалық құрылымы мен ге­ном­дық бірлестіктерін зерттеу барысында еліміздің әр өңірінен жабы, адай, найман, мұғалжар, көшім және Қостанай тұқымдары іріктелген.

Бүгінде адамзат денсаулығына қауіп төндіретін жұқпалы ауру­лар, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселесінде де ғылымда жаңа әдістер іздеуге тура келе­ді. Осы орайда еліміздегі фар­мацевтикалық препараттар на­ры­ғы­ның импорттық өнімге тәуел­ділігін негізге алатын бол­сақ, дәрі-дәрмек өндірісі сын көтер­мейді. Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орта­лығы директорының орынбаса­ры, биология ғылымдарының кан­ди­даты Байкен Баймаханова микро­биологиядағы тәжірибе­лерге тоқталып, еліміздегі фарма­цев­­тика­лық компанияның көбі импорттық субстанцияларды таб­­­лет­калаумен ғана айналысатын болса, аталған консорциум «ғы­лы­ми-зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу – ком­мер­цияландыру» толық цик­лін жүзеге асырып отырғанын жет­кіз­ді. Орталықта биологиялық және медициналық препараттарды шығару үшін «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты жұмыс істейді. Қазіргі кезде консорциум мамандары 10-нан аса биопрепарат әзірлеген. Орталықта өндірілген ішек аурулары және грибоктарға қарсы суппозиторийлер, сонымен қатар дәнді-дақылдар өнімділігіне ықпал ететін препараттар, мал шаруашылығына арналған биопрепараттар өндірісіне сұраныс артып келеді.

Форумда Беларусь ұлттық ғы­лым академиясының химия және жер туралы ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы Алексей Тру­ханов «Беларусь Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдарының зерттеулері», Ғылым және жоғары білім министрлігі Жобалық кеңсесінің жобалар тобының басшысы Айдын Сәбитов «Ғылымға бейімделген стартап-жобаларды коммерцияландыру», Варшава жаратылыстану ғылымдары уни­вер­ситетінің профессоры, PhD Ярослав Чорманский «Қашық­тықтан зондтау су, орман және жер ресурстарын ұтымды пайдалану құралы ретінде», Париж технологиялық институтының профессоры Ансельм Бруно «Қа­зақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен тіршілік, азық-түлік және қоршаған орта бойын­­ша Париж технологиялық инсти­тутының ынтымақтастығы туралы» тақырыптағы зерттеу­лерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ