• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Қараша, 2023

Транзиттік тасымал артады

139 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында үкіметтер басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчуктың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 24-отырысы өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде екі ел арасындағы сындарлы диалогті құрудағы үкіметаралық комиссияның тиім­ділігін атап өтті.

Серік Жұманғарин Ресей Қазақстанның ірі сауда серік­тесі екенін, өткен жылдың қо­рытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 9,5%-ға өсіп, 27 млрд долларға жеткенін атап өтті. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 17 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары.

Бүгінде ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына құйған қаржы көлемі бойынша басты инвесторлардың бестігіне кіреді, соңғы 17 жылда ресейлік инвес­тициялар ағыны 19 млрд долларды құрады. Өз кезегінде Ресейге құйылған қазақстандық инвестициялар 5,6 млрд доллардан асты.

Отырыста тараптар көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыз­дылығын, оның ішінде екі ел аумағы бойынша транзиттік тасымалдарды ұлғайтудың, автожол инфрақұрылымын бірлесіп дамытудың және Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында екі елдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау саласында ақпараттық интеграциялау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне назар аударды.

Ресей тарапы өз кезегінде цифрлық саладағы өзара іс-қи­мылды дамытуға қызығушылық білдірді.

«Цифрландыру саласын­дағы Ресей-Қазақстан ынтымақ­тастығының зор әлеуетіне се­­німдіміз. Ақпараттық техноло­гиялар жөніндегі комиссия шең­берінде өзара іс-қимылды жал­ғастыруға үміттіміз. Бүгінде ресейлік маркетплейстерде шамамен 120 мың қазақстандық жеткізуші тіркелген және олар­дың саны артып келеді. Осы­лайша елдің логистикалық инфрақұрылымы мен жергілікті кәсіпкерлік дамуда»,  деп атап өтті Алексей Оверчук.

Отырыста тараптар электр қуаты және мұнай-газ сала­ла­рындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарларын талқылады, бірқатар жаңа бас­тамаға назар қойды.

Әуе көлігі саласында да Қа­зақстан мен Ресей өзара әуе қа­тынасын кеңейтуге келісті. Атап айтқанда, тараптар «qazaq air» компаниясының Новосібір мен Челябі қалаларына ұшу санын арттыруға уағдаласты.

Жиынға қатысушылар Ресей тарапынан ағаш материалдарын шығаруға шектеу шаралары туралы да мәселе қозғады. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан-Ресей шекарасында аталған өнімді Қазақстан Рес­публикасына шығару үшін тағы 4 өткізу бекетін белгілеу мәселесін пысықтау туралы келісімге қол жеткізді.

Сонымен қатар ресейлік тарап РФ Үкіметінің №312 қау­лысына сәйкес қазақстандық ком­паниялардың меншігіндегі және аумаққа уақытша әкелінетін тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге рұқсат беру тәртібін таратпау мүмкіндігін қарастырады.

Отырыс соңында, Серік Жұ­манғарин екіжақты ынтымақ­тастықтың барлық спектрі бойын­ша өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға дайын екенін жеткізді. Талқылау қорытындысы бойын­ша тараптар үкіметаралық комис­сияның 24-отырысының хаттамасына қол қойды.