• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Қараша, 2023

Жаңа инвесторларға қойылатын талаптар

172 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін болған брифинг барысында Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның одан әрі қызметі жөніндегі жоспарларын айтты.

Үкімет басшысы қазіргі уа­қытта кәсіпорында кеншілер­дің өліміне байланысы тергеу жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Өткен жылдың қараша айында қайғылы оқиға салдарынан 4 шахтер қаза тапқан болатын. Бұл жағдай бойынша тергеу аяқталды, жауапкерлер қазір материалдармен танысып жатыр. Жақын арада олар сотқа жіберіледі. Тамыз айында да қайғылы оқиға орын алып, тағы 5 шахтер қаза тапты. Ол бойынша тергеу жүріп жатыр, әлі аяқталған жоқ. Соңғы факті бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп, кінәлі адамдардың барлығы жауапқа тартылады», деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, Үкіметтің жуық арадағы міндеті – бұл компанияның Қазақстан Рес­пуб­­ликасына қайтарылуын қам­тамасыз ету.

«Кәсіпорындағы жалақы мен жұмыс орындарының сақ­­­талуы, барлық әлеуметтік мін­деттеменің, оның ішінде кен­шілер қаза болғаннан кейін туын­даған міндеттемелердің орын­далуын қамтамасыз ету. Олардың толық орындалуын қадағалайтын боламыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы компанияны Қазақстан Республикасына қайтару туралы алдын ала мә­мі­леге сәйкес, оның егжей-тег­жейін жария етуге болмайтынын айтты.

«Ол туралы мәміле аяқтал­ғаннан кейін, бір айдың ішінде хабарланады. 30 қарашаға дейін қайтарудың барлық заң­ды рәсімін аяқтауымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе Премьер-министр мемлекеттің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік иесі болу және оған бюджет қаражатын бөлу жоспары жоқ екенін атап өтті.

«Біз алдағы 3 жылда кемінде 3 млрд доллар инвестициялауға дайын жеке инвесторды тартуымыз керек. Оның шамамен 1,3 млрд долларын бірден құю қажет, өйткені кәсіпорындағы қазіргі жағдай өнеркәсіптік қауіпсіздік пен жабдықты жаң­ғырту мә­селелерін тез арада ше­шуді талап етеді. Бұл қа­зақ­стандық инвестор болады деп жоспарлап отырмыз», деп түйін­деді ол.