«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» активтері екінші деңгейлі банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестициялануы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады.
«Экономиканы несиелеу өсімінің орнықты факторларының бірі – банктерді қорландырудың тұрақты көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні. Соның нәтижесінде, олар ұзақ мерзімге жоспар құра алады және үлкен жобаларды қаржыландыра алады. Осыған байланысты Ұлттық банк «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» зейнетақы активтерін нарықтық шарттармен банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестициялау жобасын қарастырып отыр. Бұл ретте банктерге олардың орнықтылығы және бизнесті несиелеу бойынша қарама-қарсы міндеттемелерді қоюы бойынша талап қойылады. Аталған қаражат нақты секторды несиелеуге бағытталады, бұл өз кезегінде экономика өсімі мен оны әртараптандыруға жағдай жасайды», дейді ҰБ басшысы.
Түсінгеніміздей, БЖЗҚ ақшасын алғысы келетін банк белгілі бір талаптарға сай болуға тиіс. Алайда оның параметрі әзірге нақты атап көрсетілмеді. Ал талапқа сай болып, зейнетақы активіне ие болған қаржы институты ол қаражатты корпоративті секторға несие ретінде жіберуге міндетті.
Сүлейменовтің сөзінше, салық саласына қатысты заң жобасы аясында банк кірістеріне Ұлттық банк ноталары бойынша салық салу қарастырылмақ.
«Аталған шараның қабылдануы банктердің өтімділікті тәуекелсіз құралдарға инвестициялау мүддесін төмендетуге мүмкіндік береді, ол экономиканы кредиттеуге бағытталуы мүмкін. Бұл ретте Ұлттық банк аталған түзетулерді қарау шеңберінде Ұлттық банктің ноталары бойынша ғана емес, сонымен қатар барлық басқа да мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) бойынша корпоративтік табыс салығын (КТС) салуды енгізу қажеттігі туралы ұстанымын білдірді. Бюджет кірістерінің болжамды ұлғаюын бағалау мақсатында 2022 жылдың қорытындысы бойынша банктер ұсынған деректер және 2023 жылдың 31 тамызына МБҚ ұстаушылар құрылымы негізінде есептеулер жүргізілді. Мәселен, 2022 жылғы мысалда МБҚ салық салудан түсетін бюджеттің қосымша кірістерін бағалау банк секторы бойынша (КТС мөлшерлемесі 20 пайыз болғанда) 96 млрд теңгені, ал МБҚ ұстаушылар – КТС төлеушілер бойынша – 165 млрд теңгені құрайды», дейді.
ҰБ төрағасының пікіріне сүйенсек, банк кірістерінің әр түрі бойынша корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін әртараптандыру бизнесті несиелеуге деген қызығушылықты арттырады. Яғни Ұлттық банк банктер үшін корпоративті табыс салығының мөлшерлемесін әртараптандырады. Нәтижесінде, бизнеске белсенді түрде несие ұсынып жатқан банк төменгі ставкадан үміттене алады.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 16 772,89 млрд теңге болды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 16 759,31 млрд теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері – 10,28 млрд теңге. ҰБ зейнетақы активтерін негізінен Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (48,11 пайыз), квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына (10,25 пайыз), екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларына (5,19 пайыз), шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (4,51 пайыз), халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,20 пайыз), ҰБ депозиттеріне (2,64 пайыз) және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (1,62 пайыз) инвестициялайды.
ИПБ басқаруы бойынша ең көп үлес – «Jusan Invest» АҚ-та – 4,14 млрд теңге. «Halyk Global Markets» АҚ 2,48 млрд теңге зейнетақы активін басқарып отыр. Олардан бөлек, «BCC Invest» АҚ сенімгерлік басқаруында – 1,48 млрд теңге, «Сентрас Секьюритиз» АҚ сенімгерлік басқаруында – 0,91 млрд теңге, «Halyk Finance «Қазақстан Халық Банкі ЕҰ» АҚ сенімгерлік басқаруында 1,26 млрд теңге бар.