Нұрғали Ораз шығармаларының бір қыры, ұлтымыздың назқоңыр жанын, адамдық әсем табиғатын қалтқысыз суреттеуінде. Іңкәрлік, сезімшілдік, тазалық самалы есетін туындылар жан түбінен киелі шақтағы алтын сәулені оятады. Қақ-соқпен ісі жоқ, жалғыздық құзарында жүрек нұрын жайған жазушымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Оралхан Бөкейдің Шерхан Мұртазаға айтқан «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» деген сөзі жиі айтылады. Сізге бұл сұрақты сәл өзгертіп қойғым келеді, 60-тың асуынан төмен қарағанда, нені көресіз?
– Алпыстың асуына көтерілгенде көргенім: менің өмірім екі құрлыққа бөлініп қалғандай екен. Алғашқы отыз жылым кеңестік дәуірде өтіпті. Одан кейінгі отыз жылым Тәуелсіздік кезеңінде өтіп келеді. Осы екі құрлықтың арасында Босфор бұғазы секілді бір терең дария бар...
Әуелгі құрлықтағы өмірім ойыма жиі оралады. Бақытты балалық, студенттік қызықты да думанды шақ. Әдебиет пен өнерге деген шексіз құштарлық. Алғашқы әңгімелерім баспасөз бетінде жарық көрген кездегі ерекше қуаныш...
Ал қазір заман өзгерді ғой. Сонымен бірге біздің өмірге деген көзқарасымыз, сана-сезіміміз де үлкен өзгеріске ұшырады. Егемендіктің алғашқы 30 жылын үшке бөліп қарасақ, алғашқы онжылдықта ел тәуелсіздігі үшін біз қандай құрбандыққа болса да дайын едік. Екінші онжылдықта әне-міне тіршілігіміз түзелетін шығар деп күттік. Ал соңғы онжылдықта, кешіріңіз, бәрінен күдер үзіп, түңіле бастағандай күй кештік.
Енді міне, Жаңа Қазақстан, Адал азамат, Әділдік деген керемет идеялардың туы көтеріліп жатыр. Бұл – өмір шындығынан туған Ақиқат.
– «Түнгі жалғыздық» әңгімесінде: «Бейуақта көше бойымен зымыраған бірлі-жарым көліктердің соңынан қуа түсіп, қалт тоқтай қалса, әлгі гүрілдеген машиналардың даусынан да төбе құйқаңды шымырлатардай жалғыздық сарыны есіп қоя береді» деген жолдар бар. Жалпы, әңгіменің өне бойынан жалғыздық әуені естіліп тұрғандай. Сіздегі жалғыздық қай кезден бастау алды?
– Бала күнімде біздің үй ауылдан-ауылға көшіп-қонып жүрді. Әкеміздің қызметі екі-үш жылда бір ауысып тұрушы еді. Ол кісі елім, жерім деп өмір бойы адал еңбек еткен азамат. Шөлейт даладағы шағын-шағын бөлімшелерге басшы болып, құдық қаздырып, су шығартып, озат шаруашылық атандырып, ел алғысына бөленіп жүрді.
Бір жақсысы, үйіміз көшкен сайын біз Қазығұрт тауының бөктеріне қарай жақындай түстік. Ең соңында, Келес өзенінің бойындағы түгін тартсаң майы шығатын көк майсалы қонысқа жетіп тоқтадық.
Үйіміз көшкен сайын мен де мектептен-мектепке ауысып, «бөтен бала» атанып жүрдім. Кей ауылдарда бастауыш, сегізжылдық мектеп қана болды. Ондай кезде орталықтағы әпкеміздің, Арыс қаласындағы нағашымыздың үйінде жатып оқыдым.
Кім білсін, жалғыздық менің көңіліме сол бір шақта, бала кезімде ұя салып алған болар. Әйтсе де жалғыздық – жалпы адамзат баласына тән сезім ғой. Сондықтан да «Ол не? Қандай сезім?» деп ешкім де, ешқашан да сұрамайды. Түптеп келгенде, адамзат баласының көңіліндегі сағыныш та, сүйіспеншілік те сол жалғыздықтан бастау алып жатады-ау деймін.
Менің «Түндегі жетім тамшылар» атты әңгімемдегі Жаңбырбай деген кейіпкерім жападан-жалғыз қалып, көңілі қатты жабыққан сәтте, сырттағы тырс-тырс тамған тамшылардың дыбысына құлақ түріп отырып: «Қызық-ай, ұжымдасып, мемлекет болып өмір сүріп келеміз дегенімізбен, адамдар да осы бір тамшыларға ұқсайды. Сырттай қарағанда толассыз құйған жаңбырдай тіршілік, ал іштей зер салып, үңіліп қарасаң, әрқайсысы жеке-жеке үзіліп түсіп жатыр...» деп ойлайды.
– Алғашқы жазған шығармаңыз қалай дүниеге келді?
– Алғашқы «Долана» деп аталатын әңгімем студенттік шақта баяғы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді. Ол кезде мен ҚазМУ-дың екінші курсын тәмамдап, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Жаз айының жаймашуақ күндерінің бірі еді. Таңертеңгілік редакцияға келген поштаны бірінші болып қарап шығатын көрнекті жазушы ағамыз Мархабат Байғұт қолымды қысып құттықтап: «Жаңа ғана оқып шықтым, жақсы әңгіме екен. Тілің өте шұрайлы. Піскен өрік сияқты тәп-тәтті. Төгіліп тұр ғой» деп жымиды.
Содан соң белгілі жазушы Нәсіреддин Серәлиев ағамыз редакцияға телефон соғып, жылы пікір білдіргені есімде. Облыстық радио комитетінде қызмет істейтін Қарауылбек Қазиев ағамыз да қуанып, ыстық сәлемін жолдапты.
Ол кісілер сол кездегі Шымкент қаласының шырайын келтіріп жүретін биік тұлғалар еді ғой!..
Біз үшінші курсқа көшкен жылы әлгі әңгімемді қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Дулат Исабеков ағамыз оқып шығып: «Ата мен баланың арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті әдемі жеткізген екенсің» деп, республикалық «Жалын» баспасынан жыл сайын шығып тұратын дәстүрлі «Арман қанатында» атты жинаққа қосты. Жаңылмасам, сол жинақтағы ең жас автор мен болдым-ау деймін.
– Шығармашылық жолыңызға әсер еткен, қозғау салған бір тұлға жөнінде айта кетесіз бе?
– Шығармашылық жолға түсуіме әсер етіп, маған ерекше жанашырлық танытқан бір аяулы жан – ҚазМУ-дың журналистика факультетінде өзімізден небәрі бір-ақ курс жоғары оқыған Жұмабай Әбілов деген студент жігіт еді. Ол факультетіміздегі Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестікке жетекшілік ететін. Біздің алғашқы әңгімелерімізді оқып шығып, өз аяғымен редакцияға апарып, Тәкен Әлімқұлов, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Зейнолла Серікқалиев секілді классик жазушылардың сараптамасына ұсынып, алғысөз жаздырып алып, алғаш газет-журналдарда жарық көруіне себепші болған да сол бір ақ көңіл, әдебиет пен өнер десе, ішіп отырған асын жерге қоятын адал азамат-тұғын.
Халықаралық Түркістан университетінде дәріс беріп, ұстаздық етіп жүрген шағында кенеттен жол апатынан қайтыс болды...
Өз басым, жер бетіндегі жұмыр басты пенделер үшін жұмбақ, тылсым дүниенің бар екеніне сенемін. Сондықтан да жазушылық өнердің де – әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойға даритын ерекше қасиет екеніне күмән келтірмеймін.
Менің әкем Балтақара деген кісі айналасындағы елді сөзімен де, ісімен де тез ұйымдастырып ала қоятын өте шешен кісі еді. Ал анам Тұрсын өзімен әңгімелесіп отырған жанды зейін қоя тыңдап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ айтатын аяулы жан болатын. Дүниеден өтерінде бір жылдай сырқаттанып жүрді. Кітапты көп оқушы еді. Кейін білдік, ол кісі кітап оқумен ғана шектелмепті. Өзі де «Біздің әулет» атты кітап жазып қалдырыпты. Ол кітапта сонау ашаршылық жылдарында Өзбекстанға өтіп, одан әрі Қырғызстанға асып жан сақтаған бір ауылдың тағдыры баяндалады. Міне, осы хикаяны оқыған жандар таңғалып: «Саған жазушылық өнер анаңнан дарыған екен ғой, шығармаларыңның тілі қандай ұқсас», десіп жатты. Мен анамның қолжазбасындағы бір ауыз сөзді өзгерткен емеспін. Бұл – табиғи, шынайы ұқсастық.
– Өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиға туралы айта кетсеңіз.
– Әкем әу баста менің жол құрылысы инженері болғанымды қалайтын. Маған ылғи да: «Сен Ташкенттегі автомобиль жолдары институтына түсуге тиістісің» деп отырушы еді.
Бір қызығы, біз онжылдық мектепті бітірген жылы оңтүстік өңірде қатты құрғақшылық болды да, әкем сонау Солтүстік Қазақстан облысынан қамыс орып әкелуге аттанған бригадаға жетекші болып кетті. Сол бір орайлы сәтті пайдаланып, мен Алматыға қарай тарттым.
Сәті түсіп, өзім армандаған журналистика факультетіне оқуға қабылдандым. Әкем ренжіген жоқ. Екінші емтиханды тапсыратын кезімде Алматыға келіп: «Біздің істеп жүрген жұмысымыз бен қызметімізді жазып қалдыратын адам да керек қой!» деп басымнан сипап, арқамнан қақты.
Бәлкім, менің өміріме үлкен бетбұрыс жасаған осы бір оқиға болар.
– Бүгінгі қоғамда сізді не нәрсе алаңдатады?
– Әрине, көп нәрсе алаңдатады. Біз социалистік жүйенің тәрбиесін алып, капиталистік қоғамда өмір сүруге мәжбүр болған ұрпақпыз. Ең қиыны, ой-сананың бейімделуі, көзқарастың өзгеруі. Алысқа ұзамай-ақ, таяуда болған бір оқиғаны еске алайыншы. Қазан айының бас жағында Анкара қаласындағы Қазақ мәдениеті қоғамының өкілдері мен бүгінде өз елімізге ғана емес, көрші елдерге де кеңінен танымал бола бастаған «Тұран» ансамблінің кездесуіне куә болдық. Олардың өнеріне ризашылығын білдірген кісілер: «Үстеріңіздегі «Тұран» деп жазылған футболкаларыңыздың артық данасы болса, бізге естелікке беріңіздерші. Сатып алайық!» десіп жатты.
Міне, мен осы оқиғаны келесі күні бір түрік әріптесіме қуана-қуана айтып едім, ол: «Мынау бір керемет идея екен!» деді де, «Тұран» ансамблінің жігіттеріне: «Біз сіздердің футболкаларыңызды шығаруға дайынбыз. Өзіміздің шағын дүкеніміз бар» деп бірден коммерциялық ұсыныс жасауға кірісті.
Сонда мен іштей таңғалдым. Бізге мұндай ой бірден келе қоймайды-ау деп...
Қазір ана тіліміздің халі мүшкіл. Басқаларға өкпе артып қайтеміз, өз ұлтымыздың тең жартысы ана тілімізде кітап оқымайды. Мұндай кезде қандай көркем шығарма жазса да, жазушының табысқа жете қоюы қиын ғой...
Жаңа шығарманың әділ бағасын беретін ең әуелі – әдеби орта.
Екіншіден, зиялы қауым. Үшіншіден, жас ұрпақ.
Бізде қазір, өкінішке қарай, таланттардың еңбегін бағалау кемшін. Сондықтан да қоғамның әдебиетке деген ықыласы, құштарлығы тым-тым төмен. Өнер адамдары үшін бұл – трагедия.
Осы ретте мен өзімнің «Сақалды қыз» атты әңгімемде суретші мен сақалды қыздың тағдырын қатар ала отырып, өле-өлгенше өз қиялына өзі алданып, өмірдің бар қызығынан құр қалған, көзі тірісінде бірде бір суреті өз бағасын ала алмаған байғұс суретшінің өнері де қыз балаға біткен сақал сияқты түкке қажеті жоқ, табиғаттың бір қателігі емес пе деген ойды айтқым келген-ді.
Бұл әңгімеге жақсы пікір білдірген жандар, әсіресе жастар көп-ақ. Әйтсе де менің әлгі ойым әңгімемде жасырынып қалған секілді...
– «Шыбын жан көкке ұшқанда» атты шығармаңыздың соңында: «Бір жақсысы, мынандай зау биікте ұшып келе жатқанда жер бетіндегі қиын сұрақтардың барлығы да төменде қалып, өзіңді құс сияқты самғап кеткендей жеңіл сезінесің» – деген сөйлем бар. Дәл қазір өзіңізді қалай сезінесіз?
– Иә, ұшақта отырған кезде мен өзімді ылғи да осылай жеңіл сезінемін. Бас қатыратын нәрселердің барлығы да төменде, жер бетінде қалған сияқты көрінеді. Бәлкім, біздің кеудеміздегі шыбын жан да өлшеулі уақытта бітіп, көкке ұшқан күні бәрін ұмытып, бәрінен арылып, жеп-жеңіл болып кететін шығар деген ой келеді. Бір жағы, аталған хикаяттағы кейіпкерімнің күнәсін осылай жуып-шайғым да келді.
Себебі ол – пенде ғой. Пенде болған соң, өз жаратылысына қарсы тұра алмайды. Әкесімен жасты кісінің байлығы, мансабы үлде мен бүлдеге бөлегенімен, сезімі, құшағы қанағаттандыра алмайды... Табиғатқа, жаратылысқа қарсы тұрудың қажеті қанша?!
– Орыс әдебиеті дегенде, кімді еске аласыз?
– Орыс әдебиетіндегі менің ең сүйікті жазушым – Антон Чехов.
– Соңғы кезде өзіңізге ерекше әсер еткен қазақ жазушысының шығармасы жөнінде айта кетесіз бе?
– Тәуелсіздік дәуіріндегі ерекше әсер еткен шығарма – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы.
– Прозадан бөлек философиялық толғамдар, драматургиялық еңбектер жазу ойыңызда бар ма? Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Ойда бар. Бірақ ынта-ықылас күннен-күнге кеміп барады. Майлықожа ақын айтқандай:
«Жырлағаннан не пайда,
Тыңдаушы баға бермесе?..»
Ең басты өкпе – ана тіліміздің қадірін түсіріп, өзге тілге жаутаңдатып қойған заманға...
Бүгінде қоғамымыз қатты сынға алып жатқан ескі Қазақстанның отыз жылы Тәуелсіздік дәуірі үшін оймақтай ғана болып көрінгенімен, бүтіндей бір ұрпақтың жарты өмірі ғой. Келісесіз бе...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»