• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Экспорт 03 Қараша, 2023

Экспортты 700 млн долларға дейін арттыруға дайын

140 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Мажар­стан Премьер-ми­нистрі Виктор Орбан экономиканың түрлі сал­аларындағы ынты­мақ­тастық мәселелерін талқылады.

Тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қи­мыл­дың өзекті бағыттарын, атап айтқанда, жаңартылатын көздерді дамытуды, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және екі ел ара­сындағы тікелей әуе қаты­насын қалпына келтіру мәсе­лелерін қарады.

Сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын Трансеуропалық көлік желісімен байланыс­тыру жөніндегі қадамдар да талқыланды.

Әлихан Смайылов Мажар­стан Қазақстан­ның Еуропа Одағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24%-ға артып, 172 млн долларға жетті.

«Біз тауар айналымын одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көріп отырмыз және қазақстандық өнім­нің Мажар­станға экспортын 95 тауарлық позиция бойынша шамамен 700 млн долларға арттыруға дайынбыз», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, ин­вес­тициялық ынты­мақ­тастық бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мажарстан 2005 жылдан бері Қазақстанға 330 млн доллар шамасында тікелей инвестиция салды. Тек 2021-2022 жылдары шамамен 75 млн долларға жуық инвестиция тартылды. Бұл барлық инвестицияның жалпы көлемінің шамамен ширек бөлігін құрайды.

«Бүгінде біздің инвестиция­лық қарым-қа­тынасымыз жаңа жобалармен толы­ғып келеді. Мажарстандық «MOL» ком­па­ниясымен бірлесіп, аса ірі газ конден­сатын шығара­тын «Рожковское» кен орнын іске қосу жоспарланып отыр. Біз мажар­стандық биз­несті инвестициялық жоба­лар­ды бірлесіп іске асыруға шақы­рамыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мәде­ни-гуманитарлық саладағы қарым-қаты­настар­дың жоғары деңгейін атап өтті. Мәселен, Мажар­стан­ның ұлттық ақыны Шандор Петёфидің 200 жылдығын атап өту аясында Астанадағы көшеге ақын есімін беру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ ол білім беру саласындағы ынтымақтас­тықтың айқын мысалы ретінде өзара студенттермен алмасу бағдарламасына 10 жыл толып отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда 1000-нан астам қазақ­стандық студент Ма­жарстанда білім алуда, бұл аталған бағ­дар­ламаның сұранысқа ие екенін көрсетеді.

«Елдеріміз арасындағы грант ұсыну жөнін­дегі ынты­мақтастық бүгін қол қойыл­ған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында жал­ғасын табады. Бұл білім беру саласындағы біздің өзара байланыстарды жалғастыруға деген ұмтылысымызды ай­қын­дайды. Жалпы, біз ары қарай да сауда-эко­но­микалық, сондай-ақ гуманитарлық ын­ты­мақ­тастықты дамытуға қолайлы жағ­дай жасауға дайынбыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Виктор Орбан өз кезегінде Қазақстан мен Мажарстанның саяси байланыстары жақсы дамығанын, сондықтан енді экономикалық байланыстарды тереңдету мен кеңейтуге көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.

«Сіздердің Президент­теріңіз мүм­кіндігінше бірле­сіп жүзеге асыруға болатын көптеген жобаны қарас­тыруы­мыз керек деген ұсыныс жасады. Тәжірибе көрсеткендей, бір-бірінен шалғай жатқан мемлекеттер қандай да бір флагмандық жоба арқылы экономикаға серпіліс жасай алады. Бұл басқа да ша­ғын кәсіпорындарды ынты­мақтастыққа тартуға көмек­теседі. Ендігі міндет – қандай жобаларды жүзеге асыра алатынымызды анықтау. Біз аталған бағытта қарқынды жұмыс істей аламыз деп үміт­тенеміз», деді Мажарстан Премьер-министрі.