Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Мажарстан астанасы Будапештте өткен WKF каратэден әлем чемпионатында Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлаған Мөлдір Жаңбырбай мен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Дидар Әмірәліні қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр ерлі-зайыпты спортшыларға Президенттің арнайы Алғыс хатын табыстап, әлем чемпионатындағы жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта да ел намысы сыналатын маңызды турнирлерде табысты өнер көрсетуіне тілеулестігін білдірді.
«Кейінгі жылдары елімізде каратэ спорты қарқынды дамып келе жатыр. Бұған сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз орасан зор. Жуықта Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған Жазғы Азия ойындарында екеуіңіз де жүлдегерлер қатарынан көрініп, жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледіңіздер. Енді міне, арада көп уақыт өтпей әлем біріншілігінде де тұғырдың ең биік сатысынан көріндіңіздер. Сіздерге алдағы уақытта да ел намысы сыналатын маңызды турнирлерде табыс тілеймін», деді министр.
Мажарстанда өткен әлем чемпионатының финалында Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) италиялық Эрминия Перфеттоны сабаса, 67 кг-ға дейінгі салмақта сынға түскен Дидар Әмірәлі Иордания спортшысы Афиф Гаитті жеңіп, қола медаль еншіледі.