Ақтөбе қаласындағы сауда орталықтарының бірінен құны 25 млн теңгеге бағаланған алтын бұйымдарды ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Оқиға 1 қарашада болған. Түнде Ақтөбе қаласындағы ірі сауда-ойын сауық орталықтарының біріндегі дүкеннен аса ірі көлемде алтын бұйымдар ұрланған. Зергерлік бұйымдардың жоғалғанын сатушы келесі күні таңертең байқаған. 29 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі 25 миллион теңгеге жуықтады», деп жазылған хабарламада.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері бейнекамералардың жазбаларын зерделеу кезінде медициналық бетперде киген ер адамның сауда орнына жасырын кіріп, шкафтан алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктінің жеке басын «ізін суытпай» анықтады. Ол 25 жастағы аудан тұрғыны болып шықты.Анықталғандай, күдікті түнгі уақытта сауда-ойын сауық орталығына кіріп, өзінің 3 сыбайласымен бірлесе әрекет жасаған. Олар орталықтың ішінде бір-бірімен құлаққап арқылы байланысып отырған және осы қылмысты жасағаннан кейін Орал қаласына бой тасалаған. Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған облыс тұрғындары екені анықталып, 2 қарашада олар криминалдық полиция қызметкерлерімен Орал қаласында ұсталды.
Ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігімен (Ұрлық) қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.