Қазақта ықылым заманнан соғым маусымы басталғанда мал ұрлығы көбейетіні белгілі жайт. Бұл мал иелерінен өз шаруашылықтарының күзетін күшейтуді талап етеді. Кезекті соғым уақыты таяған сайын әр өңірде мал ұрлау оқиғалары да тіркеле бастайды.
Жуырда Түркістан облысында мал ұрлауды кәсіп қылған екі азамат ұсталды. Келес аудандық полиция бөліміне 6 ауыл тұрғыны арыз қалдырған. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер олардың ірі қара малдарын қолды еткен. Жоғалған малдарын тұрғындар өз күштерімен іздегенімен, нәтиже болмаған соң полицияға шағымданған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, екі күдікті ер азаматты ұстады. Олар жұмыссыз жүрген жас жігіттер болып шықты. Айыпталушылар жәбірленушілерге 2,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған фактіні Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеді.
Анықталғандай, ұрылар жергілікті тұрғындардың жайылымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көлігімен артып әкеткен. Содан соң ұрланған малды арзан бағамен сатып, түскен ақшаны өзара бөліп алған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, жыл басынан бері елімізде 42 мал жоғалу дерегі тіркелді. Дегенмен олардың жартысынан көбінде ұрлықтың орын алмауына байланысты қылмыстық істер тоқтатылған. Барлық факт бойынша іздеу жұмыстары жүргізіліп, мал жоғалуының басты себебі – иелерінің оны қараусыз қалдыруы екені анықталды.
Сондай оқиғаның бірі жуырда Ақтөбе облысында тіркелді. Қарғалы ауданының полиция бөліміне 76 жастағы ауыл тұрғыны шағымданып, 130 бас жылқысының жоғалғаны туралы арыз берген. Залалдың жалпы сомасы – 65 млн теңге. Жәбірленушінің арызы тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жоғалған жылқыларды іздеу үшін полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тәртіп сақшылары Қарғалы ауданында ғана емес, облыстың көрші аудандарында да іздестіру шараларын жүзеге асырды. Үш күннен кейін жоғалған мал шаруашылықтан 60 шақырым жерден табылып, ұрлықтың орын алмағаны анықталды. Осыған байланысты тергеу тоқтатылды. Дегенмен мұндай жағдайлар, біріншіден, тәртіп сақшыларының қымбат уақытын алатындықтан, екіншіден, оған қаншама шығын кететіндіктен, полиция қызметкерлері халыққа өз малдарына мұқият қарау керектігін ескертті.