• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 06 Қараша, 2023

Екі құжат қабылданды

178 рет
көрсетілді

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтың қатысуымен жоғары сот органының кезекті жалпы отырысы өтті. Іс-шараға сот алқаларының төрағалары мен судьялары, ғалымдар, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, Бас прокуратура, Мемлекеттік кірістер комитеті мен адвокатураның өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде нормативтік қаулы­лардың екі жобасы қабыл­данды. Алғашқы құжат – «Сот­тар­дың заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді оңалту және бан­кроттық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» деп аталады. Нормативтік қаулы жобасын Жоғарғы соттың судьялары Марина Боровик пен Ботагөз Ералиева таныстырды.

Қолданыстағы нормативтік қаулыда құжат мазмұнының 50 пайыздан көп бөлігі түзетілуге жатады. Осыған орай нормативтік қаулы қаралуға шығарылып отыр. Өйткені «Оңалту және банкроттық туралы» заңға 28 рет өзгеріс енгізілген. Тиісінше, бұл сот тәжірибесіне де өз әсерін тигізді. Құжатта соттылыққа, мерзімдерге, сотқа жүгіну негіз­деріне, әдейі банкроттық пен суб­сидиарлық жауапкершілікке, борышкер мен әкімшінің құқықтық жағдайына, кредиторлар жиналысы мен комитетіне, олардың құқықтары мен міндеттеріне, кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге және басқаларға қатысты материалдық және үдерістік құқық нормаларының жекелеген ережелері түсіндірілді.

«Соттардың төрелік заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» НҚ жобасын Жоғарғы сот судьялары Маргарита Одинцова мен Жаңылдық Қашқынбаева таныстырды. Жоғарғы соттың төрелік заңнаманы қолданудың сот практикасын қорытуы судьялар­дың төрелік пен сот арасындағы құзыретті ажырату, қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру және дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу, төрелік шешімдердің күшін жою, төрелік шешімдерді тану және мәжбүрлеп орындау мәселелері туын­дайтынын көрсетіп отыр.

Осы орайда нормативтік қаулы­лар жобасында көрсетілген әрбір жағдай бойынша түсіндірме беріл­ді. Талқылау қорытындысы бойын­ша Жоғарғы сот судьялары норма­тив­тік қаулылардың жобаларын қабылдау үшін дауыс берді. Жоба­лармен Жоғарғы сот сайтының «Заң­нама» бөлімінде танысуға болады. Нор­­­мативтік қаулылардың мәтіні Қазақ­стан Республикасы нормативтік құқық­тық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жарияланады.

Жалпы отырыстың жұмысына Жоғарғы сот жанындағы Халық­аралық кеңестің мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Майдан Сүлейменов және ғылыми-консультативтік кеңес­тің мүшесі, экономика ғылым­дарының докторы Жаннат Ертіле­сова қатысып, сараптамалық сүйемел­деу қызметін көрсетті. Жиында Асламбек Мер­ғалиев сот қызметін жетілдіруге қосқан үлесі үшін оларды «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.