• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Денсаулық 06 Қараша, 2023

Екпе жөнінде ақпараттандыру күшейтіледі

155 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды.

Ағымдағы жағдай туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр. Тиісті вакцина салдырмай дертке душар болғандар қатары көп. Мәселен, қызылша елдің барлық аймағында тіркелген. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алма­тыда анықталды.

«Осы ретте жергілікті атқарушы орган­дар мен Астана, Алматы және Шым­кент қала­ларында қызылшаға қарсы қосым­ша жаппай екпе салу науқанына дайындық шараларын қолға алған жөн», деді А.Есмағамбетова.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұған дерттің қауіптілігі туралы халықтың ақпа­рат­тандырылмауы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Азаматтардың екпеден бас тартуы, жүргізілген насихат жұмыстарының нашар екенін аңғартады. Адам – өзіне-өзі жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шара­ларын қолданады. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі жергілікті әкімдіктермен бір­лесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшей­туі керек», деп тапсырды Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ жиында елдегі денсау­лық сақтау мекемелерінде болған тексеру жұмыстарының нәтижелері туралы да айтылды. Бірқатар нысанда ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға қатысты жекелеген талаптардың сақталмағаны анықталған. Біразында зарарсыздандыру режімі сақталмаған, кейбірінде қарапайым жеке қорғаныш заттарының жетіспеушілігі анықталды.

«Денсаулық сақтау мекемелері уақтылы қаржыландырылып келеді. Олай болса, мысалы, жеке қорғаныш құралдары жетіспеушілігі неден туындады? Біздің мақсат жазалау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Дегенмен шара қолдануға өздеріңіз итермелейсіздер», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсау­лық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру мәселесін қарастыру керек екенін ескертті.