Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті адамзат пен төрткүл дүниенің түркі дәуірімен қайта жандануына бастамашы болады.
Біз қазір әлем елдерінің жаңаша ықпалдасуының қарсаңында тұрмыз. Сол орайда санғасырлық тағылымды тарихы бар түркі дәуірі тақырыбындағы басқосу ең алдымен адамзат үшін аса маңызды бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын алға тартады.
Кейінгі жылдары Орталық Азияны мекен ететін түркітілдес мемлекеттер саяси-экономикалық, мәдени-рухани жағынан нығайып, күшейіп келеді. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Түркі әлемінде Түркия мемлекетінің үні басымырақ шығып, түркі дүниесіне қатысты негізгі ұсыныстар мен шешімдерді сол ел қабылдап келсе, кейінгі уақытта Қазақстан секілді жаңадан тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттің түркі әлеміндегі салмағы барынша артты.
Айталық, Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазірде толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. Бүгінгі саммит – түбі бір Түркі жұртының дәуірі басталғанының нақты айғағы. Шетелдік беделді саяси сарапшылар да Түркі дәуірінің жаңа кезеңі басталғанын жарыса жазып, жариялап жатыр.
Мұндай жоғары деңгейлі басқосулар – барша адамзатты бейбітшілікке, ынтымақтастыққа, өзара ықпалдастыққа үндеудің бірден-бір құралы. Саммит барысында алдағы уақытта атқарылуға тиіс келелі істер мен бастамаларды күн тәртібіне шығарған тарихи келісімдерге, түрлі шешімге қол қойылды. Бауырлас мемлекеттердің қауіпсіздігі, геосаяси тұрақтылығы, экономикалық дамуына қатысты нақты шешімдер қабылданды.
Ялчын ТОПЧУ,
Түркия Президентінің бас кеңесшісі