• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 06 Қараша, 2023

Жаңа әкімге артылар жүк салмақты

160 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында қанатқақты режімде аудан әкімдерінің сайлауы басталды. Жексенбі күні таң бозынан Глубокое мен Алтай аудандарының сайлау учаскелерінің есіктері айқара ашылып, сайлаушыларды қарсы алуға дайын­дықты бастап кетті.

Әдеттегідей таңертең еліміз­дің Әнұраны орындалды. Аудан тұрғындары өз әкімдерін өзде­рі тұңғыш рет сайлап тұр. Сон­дықтан да барлығы дерлік жауап­кер­шілік танытуға тырысты.

– Біздің аудан осы сайлауға қатысатын 45 қанатқақты өңірдің қатарында екенін білген бойда дайындықты бастадық. Бұл – өте маңызды жоба. Ол қоғамды демократияландыру жолындағы прогрессивті өзгерістерді және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көрсетеді. Бүгінде 44 сайлау учаскеміздің барлығы дер кезінде ашылды, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біздің азаматтар бұл күнді асыға күтті, дауыс беруге белсенді қаты­сып жатыр, – деді Глубокое ауда­нының аумақтық сайлау комис­сиясының төрағасы Ксанна Сарычева.

Глубокое ауданында барлығы 39,5 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Еске сала кетейік, мем­лекет басшысы биылғы қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жол­­дауында аудан, облыстық ма­­ңызы бар қала әкімдерін тіке­лей сайлау енгізілетінін мәлім­деген болатын.

Алтай қаласындағы мектеп-лицей базасында орналасқан №636 сайлау учаскесінде де таңнан бері сайлау науқаны қызу жүріп жатыр.

– Жаңа әкімнің жастарға көбірек көңіл бөлгенін қалаймын. Қаламыз бен ауданымызды өр­кен­детсе екен дейміз, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әнел Сапарғалиева.

Сонымен қатар №636 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып жергілікті кен байыту зауытының жұмысшылары Ислам Марценюк пен Александр Трошков өз таңдауын жасады. Олар мұндай форматта алғаш рет өткізіліп отырған сайлау үлкен үміт беретініне сенім біл­дірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы