Аудан әкімдерінің сайлауы Жамбыл облысының екі ауданында өтті. Тұрар Рысқұлов және Жуалы ауданының тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады.
Тұрар Рысқұлов ауданының халқы таңнан сайлау учаскелеріне ағылып келіп жатты. Алғаш рет қолға алынған аудан әкімдерінің саяси науқанына белсенді атсалысқан тұрғындар аймақ басшысын өздері таңдайтынына қуанышты. Саяси науқанда Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі лауазымына үміткер ретінде үш кандидат тіркелген. Олардың қатарында бір жылдан астам уақыт аудан тізгінін ұстаған Ернар Есіркепов те бар.
«Бұрын тек Президент пен түрлі деңгейдегі депутаттардың сайлауына ғана қатысатын едік. Енді аудан әкімдерін таңдау мүмкіндігі жергілікті халықтың қатысуымен іске асып жатқаны – құптарлық қадам. Аймақ тізгінін қолға алуға ниет танытып отырған кандидаттардың барлығы да жергілікті азаматтар. Қарапайым халықпен бірге біз де таңдауымызды жасадық. Жеңіске жеткен кандидат ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуіне ықпал ететініне сенім мол», дейді Құлан ауылының тұрғыны Ғалия Дүйсенбекова.
Жалпы, Тұрар Рысқұлов ауданында 40 419 азамат сайлаушы ретінде тіркелсе, оның 20 541-і саяси науқанға қатысып, таңдау жасады. Сайлау қорытындысында кандидат Сапар Құлмановқа 1 891 азамат дауыс берсе, Бақытбек Әбіләзімов 1 804 дауысқа ие болған. Ал «Amanat» партиясы ұсынған Ернар Есіркепов 16 179 дауыспен жеңіске жетті. Саяси науқанда дауыс бергендердің 309-ы «Бәріне қарсымын» деген бағанды таңдапты.
Осылайша, өңірдегі ең жас екі әкімнің бірі ретінде Тұрар Рысқұлов ауданының тізгінін ұстаған Ернар Есіркепов халықтың қалауымен аудан тізгінін қайта қолына алды.
Жуалы ауданында да аудан әкімін сайлау науқаны сәтімен өтті. Саяси науқанға 31 323 сайлаушының 19 720-сы қатысып, таңдау жасады. Нәтижесінде, үш кандидаттың ішінен суырылып шыққан ауданның бұрынғы әкімі Жалғас Мұртаза 16 520 тұрғынның сеніміне ие болып, жеңіске жетті.
Жалпы алғанда қанатқақты режімде ұйымдастырылған аудан әкімдерінің сайлауы қорытындысында жыл бұрын екі ауданның тізгінін ұстаған ең жас екі әкім орынтағын сақтап қалды. Жергілікті халық жас басшылардың сенім үдесінен шығатынына бек сенімді. Осыған қарап-ақ Ернар Есіркепов пен Жалғас Мұртазаның мойнына артылған жүктің жеңіл еместігін бағамдауға болады.
Жамбыл облысы