• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Қараша, 2023

Биіктік

545 рет
көрсетілді

Биіктік! Табылды Досымовтың «Биіктігі» гитараның шегіне түсіп, ән болып алғаш шырқалған сәттен бастап тыңдаған жанның кеудесінде аяулы бір белгідей жатталып қалды. Содан бері Табылдыны танитын жұрт үшін «биіктік» ұғымы, тек Табылдыны еске түсіреді. Зеңгір көк аспанды, тауды өмірі көрмеген, табаны тимеген Атырауды, таулары жоқ төбелерді елестетеді. Әуезді әні іштен ыңылдап шығып, әлдебір жақтан Табылдының даусы естіледі.

Сол «Биіктікті» сахнадан тағы да тыңдадық. Елорданың төрінде Ұлттық академиялық кітапханада Табылдының тағы бір сазды кеші өтті. Қарашаның қарасұр кешінде Табылды әндерін тыңдауға ағылдық. Көрмедегі суреттеріне, сахнадағы қоңыр гитарасын ұстаған асыл бейнесіне қарап, өзін көргендей, өз даусын естігендей еліттік. Үш сағат бойы талантты тұлғаның әндері айтылды. Сонау жылдардан бері гитара тартқан әркім де Табылдыға еліктеп, Табылдыша тебіреніп шырқағысы келетіні ақиқат. Бұл кеште де бард ақынның ізінен ерген жас таланттар сахнаға шықты. Замандас құрдастары да қолына гитара алды, естен кетпес ескі жылдардағы ыстық естеліктерімен бөлісті. Ақынның өзі айтқандай:

«Оянбай қалам, бұл шындық,

ұрыспа қарғам,

Шөлмек-тірліктің белгілі

құлай сынары...

Гитарамды алып елеусіз

бұрышта қалған,

Бауырыңа басып егіліп,

жылайсың әлі...»

деп, дәл солай бұрышта қалған гитарасын алып, бірінен кейін бірі төгілген әндеріне жылап та отырмыз. Әр әні бір тарих, бір оқиға. Әр әні сырын шағып, мұңын айтады. Әр әні өмірдің елеусіз бір шындығын, жалғандығын, өткіншілігін жырлайды. Сөздері де қоңыр әуенмен қосыла сыздап, төкпелей жөнеледі. Дәл бір жастық шағыңның куәсіндей, аяулы сәтіңнің әнұранындай, сенің тағдыр-сырыңды ән қы­лып тұрғандай үзіледі келіп.

Аңызға бергісіз ғұмыр кешкен Табылдының әндері қанша­ма жүректі тербеді! Талай адам оған ұқсап, қыр баласы атанды – тауға құмартқан жоқ. Талай жас Табылдыдан кейін қо­лы­на алғаш рет гитара алып, имене тартып, «Алматыда қалған қызды» үйренді. Талай жас туған күндерде Табылдының әндерін Табылды мақамымен шырқап бақты. Талай жігіт сүйгеніне сол әндерді айтып, сырласқан болар. Талай адам оған ұқсап, өлімнен қорықпауға тырысты. Таусыз жерде туған талантты жанның бір аты – биіктік, екінші аты тау болды. Осы екі ұғым қазақ өне­рін­де Табылды жыры арқылы лирикалық мәнге ұласты.

Ерек талантты еске алуға ар­налған «Биіктік» атты әдеби-сазды кешке ақынның жары Қарлығаш Ибатова, ұлы Абыл Досымов, бірге жүріп, біте қайнасқан Бауыр­жан Омаров, Арман Сқабылұлы, Еле­на Әбдіхалықова бастаған достары, Мәжіліс депутаты Жанар­бек Әшімжан, Бауыржан Бабажан­­­­ұлы, Дәулеткерей Кәпұлы қостаған ақындар, «Табылды Досымов атын­­дағы қордың» жетекшісі Би­жан Қалмағанбетов, зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері қатысты. Мәдени іс-шара Та­былды Досымовтың өмірі мен шығар­машылығына ар­налған бейнероликпен ашылды. Кеште ақынның «Із тастап аққан бір жұлдыз....» кітабының тұсауы кесілді. Жинақта бард ақын­ның өлеңдері мен ол жайында есте­ліктер топтастырылған.

Сондай-ақ Атыраудан, Маң­ғыстаудан, Ақтөбеден, Алматыдан арнайы келген талантты әнші­лер ақын-сазгердің шығармаларын орындады, аңыз-ақынға арналған өлеңдерін оқыды.

Бард ақынның университет­те бірге оқыған досы, белгілі теле­жур­на­лист Арман Сқабылұлы сол жыл­дар­дағы ыстық естелігін баяндады.

«Бағанадан бері тек ән тың­дап, басқа бір әлемге еніп кет­кендей болдық. Табылды екеу­міз, алдымен курстас болдық. Кейін арамыз­дан қыл өтпейтін дос болдық. Жаңа орындалып жатқан «Биіктік» деген ән біз­дің Нарынқолға барған кезде Хан­тәңіріне тамсанғаннан туған еді. Сол екі күннің ішінде қазір қыр баласының гимніне айналып кет­кен әнді шығарды. Алғашқы нұс­қасында «Біздің жақта жүріп қайт­са бір жаздай, Тұмағаңдар кетер еді жыр жазбай» деген жолдары болған. Кейін «Тұмағаңда нең бар?» деп өзгерткіздік. Жалпы, Табылдының сахнасы – жастар, студенттердің туған күні болатын. Табылдының сол өзі оқыған жылдары бүкіл ҚазҰУ-дың гимніне айналған «Қыпша белің-ай» деген ән болды. Кейін ол «Астананың аруы» аталып кетті. Жатақхана балконынан Табылды ән айтқанда, көрші тарих, филология, биоло­гия факультеттерінің қыз-жігіттері те­гіс балконға шығып, тыңдап отыратын. Табылды әнін айтып болса, тағы сұрайтын. Осылай отырып Табылды шағын концерт беретін», дейді ақынның досы. 

Бұдан бөлек әдебиетші ғалым Бауыржан Омаров, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ортаға шығып, Табылдының өмірі мен шығармашылығы хақында өз есте­ліктерімен бөлісті.

Музыкалық кеш соңында ақын­­­ның тұяғы Абыл Табылдыұлы әулет атынан жиналғандарға ри­­за­шы­­лығын білдіріп, келген көп­ші­лікке әкесінің әнін орындап берді.

 

P.S.: Сол күні мида тек Табылдың әні ойнап тұрды. Кеш бітіп, күздің кешкі салқынын сезсек те мидағы әуен тоқтамады. Астана көшелеріндегі кептеліс те білінбеді – санада Табылдың әні. Ұйқыға да қырда жүріп кеткендейміз, түсімізде де аспанға қол созып тұрғандаймыз. Түу алыста таулар ағараңдайды.