• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өндіріс 07 Қараша, 2023

«Hyundai» «Қорғаста» құрастырылады

255 рет
көрсетілді

Қорғас – Орталық Азияның ең үлкен қақпасы. Оның игілігін елдің экономикалық культіне айналдыруға болады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да тәптіштеп түсіндірген еді. Демек ел шекарасында орналасқан арнайы экономикалық аймақтар қызметін жандандыру шарт. Осы мақсатта «Қорғаста» «Hyundai» автокөліктерін құрастыратын зауыт салынады.

Ел Президенті «Орталық Азия – Қытай» саммитінде:  «Қазақ-қытай шекара­сын­дағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қай­та жанданды. Орталық Азия мем­лекеттерін осы сауда-логис­тика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл – әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды», деген еді.

Қазір Қазақстандағы ірі құры­лыс объектілері арасында 13 арнайы экономикалық аймақ ерекше орын алса, солардың екеуі Панфилов ауданында, шекара маңына орналасқан. Аталған зауыт жаңадан құрылған өңірдің дамуына да жәрдемдеспек.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құра­мындағы 129 гектар аумақ­­қа салынған «Құрғақ порт» айлағының еліміздің эконо­ми­калық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Бұл жоба бүгінде Қазақстанның эконо­ми­калық күретамырына ай­нал­ды. Құрғақ айлаққа Қытай мем­ле­кеті тарапынан тар танапты – 3, Қазақстан тарапынан кеңжолақты осынша теміржол желісі тартылып, кейінгі бірнеше жылдан бері көрші елмен жүк алмасу жиіледі. Биыл мұнда тағы теміржол желісі тартылып, жүк тасымалы еселеп артыпты. Соның бір көрінісі – АЭА аумағына дәл қазір 8500-ден астам шетелдік жаңа жеңіл автокөлік әкелініп, одан әрі тасымал кезегін күтіп тұр.

2013 жылы салынған «Құрғақ порттағы» екі ел арасындағы жүк алмасудың негізгі басқарушы операторы – «RNZE-Ksrgos Gateway» жауап­кершілігі шек­теу­лі серіктес­тігі. Сол сияқты бұл аймақта «Құр­ғақ айлақпен» жап­сарлас­тырып 225 гектар аумаққа логис­ти­калық орталық жасалып, он­дағы қоймаларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа жөнелтіліп жатыр. Сонымен қатар 224 гектар жерге индустриялық аймақ орналасқан. Онда салынған алғашқы оннан астам өндіріс орындары іске кірісті. Олардың қатарында «KTZE-Khorgos Gateway», «KIF Warehouses», «OazProdGroup», «Khorgos Free Zone Logistiscs», «SSA Feed Mills», «Oazag Fruits», «Standard Steel KZ», «Kok-tobe safflower», тағы басқа жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тіктері бар. Яғни бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өр­кен­деуіне де жол ашты. «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» арнайы эко­номикалық аймағының құры­лы­сы жалпы бірнеше кезеңге бөлініп атқарылып, бірнеше жыл­ға созылды. Осы жылдың 9 айында арнайы экономикалық аймақта жобалардың жалпы құны 497 миллиард теңге болатын 45 қатысушы тіркелген. Соның 13-і жыл басынан бастап кәсіпорынның құрылысын бас­тады. Олардың бірқатары зауыт­та­рының құрылысын аяқтап, өнім өндіре бастады. Мысалы, осындағы жем, металдан шифер шығаратын, гигиеналық бұйым­дар жасайтын, софлор мен күнбағыстан май сығатын зауыттар мен тігін цехы өз өнімдерін жергілікті базарға және шетелдерге саудалайды. Мұндағы электр қуатын өндіретін күн батареяларын жасайтын «MIAMI SOLAR» зауыты толық іске кіріс­ті, келісімшарат бойынша ал­ғаш­қы өнімдерін АҚШ-қа сат­пақшы.

Индустриялық аймақта Қазақ­стан мен Қытай арасында келісім жасалып, технопарк құруға мың гектар жер бөлініп, болашақта мұнда 25-ке жуық өндіріс орны салынбақшы. Бұл кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылар мен мамандардың 70 пайызы жер­гі­лік­ті тұрғындардан болуы шарт. Осы аумақта темір­жол­шылар мен логистик мамандар даярлайтын университет те бой көтеруі мүмкін. Сонымен қатар Оңтүстік Кореямен келісімшарт жасалып, 200 гектар жерге «Hyundai» авто­кө­ліктерін жинайтын зауыт орын тебеді.

Былтыр «Құрғақ порттың» екін­ші жүк өңдеу кезеңі іске қосылды. Оған дейін айлақтан күн сайын жүк тиелген 8-9 по­йыз аттандырылса, бұл көрсеткіш екі есе өсіп, күн сайын айлақтан жүк контейнерлері тиелген 18-19 пойыз сан тарапқа жол тартты. Олардың ҚХР тарапынан өткі­зілген контейнерлерге тиел­ген жүктердің басым бөлігі Орталық Азия мен Парсы шығанағы арқылы Еуропаға, тағы басқа да шалғай шетелдерге қысқа мерзімде жеткізіледі. Солардың қатарында «Hewiett Pacard», «Toyota», «DHL», тағы басқа әлемге танымал көптеген компания өз тауарларын осы жерден Орталық Азия мен Батыс Еуропаға таратып отыр. Бұлар – негізінен әлем елдеріне озық үлгідегі жеңіл, ауыр автокөліктер.

Екінші кезең іске қосылып, жүк тасымалы екі есе артуы «Құрғақ айлақ» қызметінің шегі емес. Болашақта бұл кәсіпорын пойыздарға жүк тиеу жұмысын әлі талай есе жоғарылататыны белгілі. Өйткені қазір Алматы мен Қорғас арасындағы теміржол желілерін тағы көбейтудің жобалары жасалып жатыр. Яғни бұл жолдар ел берекесіне еселеп табыс әкелетіні сөзсіз.

 

Жетісу облысы