• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Денсаулық 06 Қараша, 2023

Ауырмаудың жолын қаперге алған жөн

226 рет
көрсетілді

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін тәмсілді алға тартудың қисыны келіп тұр. Өйткені балтыры сыздап, басы ауырғанның өмірі үшін күресетін ақ желеңділер жұқпалы вирустарға қарсы вакцина алудың маңызын ұдайы айтып келеді.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамен­тінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсен­ғалиеваның айтуынша, әлем елдерінде қызылшаның таралу қаупі артып келеді. Өйткені бұған COVID-19 пандемиясынан кейін қызылшаға қарсы вакциналау, осы инфекцияға эпидемиялық бақылау жасаудың төмендегені себеп болып отыр.

«Бұл өңірде қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Төрт жыл­дан кейін биылғы наурыз айында атал­ған аурудың 4 жағдайы тіркелді. Ал­ғашқы жағдай бізге шетелден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирус­ты сол жақтан жұқтырып келген», деп хабарлады А.Сәрсенғалиева.

Оның дерегіне сүйенсек, биыл 1-15 қазан аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияларды (ЖРВИ) жұқтырудың 9 119 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда 5 967 (65,4%), ересектерде 3 152, оның ішінде жүкті әйелдер арасында 44 (0,7%) дерек бар.

«Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз әрі тиімді шарасы – вакцина салдыру. Балаларды вакциналау қызылша, қыза­мық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу арқылы жүзеге асырылады. Бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған. Вакцинаны Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық кезде, әрі қарай ревакциналау 6 жаста жүргізіледі», деді А.Сәрсенғалиева.

Атырау облыстық №2 аурухананың директоры Надя Ерғалиеваның мәлі­метінше, қызылшаны жұқтыру көрсет­кіші артқан. Тез жұғатын аурудың өр­шуіне вакцинадан бас тартушылардың көптігі себеп болған.

«Биыл тамыз айында қызылшаны 45 адам жұқтырды. Қыркүйектегі көрсеткіш – 201 дерек. Қызылша диагнозымен былтыр – 2 адам, биыл 9 айда 444 жұқтырушы тіркелді. Қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері келіп жүр. Бұл – өрескел қателік. Жұқпалы ауруды жұқтырған адамдар өз үйінде оқшаулануға немесе ауруханаға жедел жәрдем бригадасының көлігімен жеткізілуге тиіс», деп мәлімдеді Н.Ерға­лиева.

Облыс әкімінің орынбасары Жас­ұлан Бисембиевтің пікірінше, қызылша ауруына қарсы күрес төмен деңгейде қалып отыр. Сол себептен сала қызмет­керле­рінің ұйымдастырушылық жұмы­сын «шикі» деуге болады.

«Аудандардағы көрсеткіштер көңіл қуантпайды. Тұрғындарды ақпарат­тандыру деңгейі төмен. Бұқара бұл дерт­тің қауіпті екенін әлі сезінбейді. Сол себептен қызылша ауруына қарсы күресті жандандыру үшін арнайы комиссия құрып, жағдайды толық бақылауға алуы­мыз керек», деді Ж.Бисембиев.

Жұқпалы дерттің көбеюіне кадр тапшылығының әсері болуы мүмкін. Өйткені «КазМедПроект» ЖШС-ның маманы Ерік Шонбаевтың айтуынша, бұл денсаулық сақтау саласында көп жылдан шешімін таппаған өзекті мәсе­ленің біріне айналып отыр.

«Медицина саласындағы басты мәсе­ленің бірі – кадр жетіспеушілігі. Осы­ған байланысты кадрмен қамтуды жетіл­діруді ұсынамын. Екінші өзекті мәселе, жол-көлік апатынан тіркелетін өлім-жітімнің көбеюіне байланысты болып отыр. Осындай оқиғалардан болатын өлімнің 70 пайызы жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін тіркеледі. Сол себептен жеделділікті арттыруымыз керек», деген ойымен бөлісті Е.Шонбаев.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың дерегіне сүйенсек, өлім көрсеткіші төмендеген. Табиғи өсім артқан.

«Мәселен, былтыр облыста өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 3,9 пайыз болса, биыл 3,5 пайызға төмендеді. Нәресте өлімі 9 пайыздан 7,4 пайызға азайды. Аймақта тұрақты табиғи өсім бар. Жүкті әйелдерге амбулаториялық қызмет деңгейі мен скрингті тексеру көрсеткіші Құрманғазы, Исатай аудандық ауруханаларында төмен», деп хабарлады А.Әбілова.

Оның дерегіне қарағанда, былтыр медициналық көмектің көрсетілмеуіне байланысты 123 шағым түскен. Ал биыл 9 айда осындай шағым айтушылар саны көбейіп, 153-ті құраған. Бірақ жедел жәрдем бригадасы кешігуіне байланысты арызданушылар қатары азайған. Мәселен, бұл қызметті көрсету­шілердің жайбасарлығына ренішін білдірушілерден 64 шағым тіркелген. Биыл колл-орталықта осындай 8 қоңырау соғылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 65 мың дозасы сатып алынған. Өңірдегі жедел жәрдем қыз­метінің 50 бригадасы қызмет көрсе­теді. Атырау қаласында – 26, ал аудан­дарға 24 бригада бөлінген.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай мобильді топтар қайта жандандырылып, сүзгі кабинет­терінің жұмысы күшейтілді. Балаларға, жүкті әйелдерге үйден қарау, микро­аймақтар бойынша үй аралау, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңінде науқас­тардың жағдайын бағалау көмегі ұйым­дастырылып отыр. Балаларға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар тобы құрылды», дейді Қ.Абдалиев.

 

Атырау облысы