Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 10 айдағы жұмыс нәтижесін қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 137-сі басшылар.
Жемқорлыққа ұшыраған мемлекеттік қызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі.
Есепті кезеңде әртүрлі салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 180-ге жуық талдау және мониторинг жүргізілді.
Жалпы, соңғы 10 айда Қазақстанда 1500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркелді, 1100-ден астам адам әшкереленді, оның 158-і түрлі деңгейдегі басшылар болып шықты.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, сотқа 1 мыңнан астам іс жіберілді, олар бойынша 282 млрд теңгені құраған залал толық өтелді.
«2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Мәселен, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды», делінген ресми ақпаратта.
Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатқанын айта кету керек.
Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Антикор қызметкерлері 38 млрд теңгеден астам шығындардың алдын алды.
«Еліміздің облыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде жалпы бюджеті 2,44 трлн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік нысан белгіленді. Оларды жымқыруға жол бермеу мақсатында құрылыс барысына мониторинг жүргізіледі. Бұл процеске жұртшылық та қосылған. Жалпы, халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артып келеді. Мәселен, осы жылдың тамыз айында іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына 2 мың бей-жай қарамайтын азамат қатысып жатыр», деп қосты агенттік.