• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Қараша, 2023

Алматыда роботтың көмегімен 9 науқастың тізе, жамбас буындары алмастырылды

306 рет
көрсетілді

Қараша айының алғашқы аптасын отандық медицинадағы айтулы күн десек те болады. Өйткені 3 қарашадан бастап Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының хирургтары роботтың көмегімен тізе мен жамбас буындарын ауыстыру операцияларын бастады. Бұл – Қазақстандағы роботтың қатысуымен жасалынған алғашқы ортопедиялық операциялар, деп жазады Egemen.kz.

Ортопедия саласының танымал маманы Мирамбек Жұмағұловтың жетекшілігімен, оған қоса Приоров атындағы Ғылыми-медициналық зерттеу орталығы (Мәскеу) маманы Алексей Шумскийдің қатысуымен алғаш рет елімізде жалпы тізе мен жамбас буындарын эндопротездеу, сондай-ақ тізе буынын бір айдаршықты протездейтін алғашқы операциялар жасалды.​Роботтың көмегіне жүгінген кезде әрбір науқасқа жеке емдеу тәсілі қағидаты сақталынып, робот операцияға дейін жасанды буынды дәл 3D жоспарын жасап, импланттың дұрыс  өлшемін, оны орнататын тура орынды таңдайды.

«Қарашаның 3-7 аралығында біз эндопротездеуге мұқтаж 9 науқасты таңдап, Қазақстанда роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша алғашқы операцияларды жасадық. Үміткерлерді іріктеу бірнеше ай бойы ыждаһаттылықпен жүргізілді. Дәрігерлер консилиумы өтіп, жасанды буынды дәл 3D жоспарлау үшін КТ зерттеудің цифрлық нәтижелері АҚШ мамандарына жіберілді. Роботтың арқасында операция алдын ала жоспарланғандай – 1 мм-ден аз қателікпен жүзеге асырылады. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің сақталуы барынша қамтамасыз етіліп, байлам аппаратының оңтайлы тепе-теңдігіне қол жеткізіледі», дейді Алматы №4 ҚКА хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мирамбек Жұмағұлов.

Осы арада Stryker компаниясы ұсынған Mako технологиясы дәлірек әрі болжамды хирургиялық нәтиже беріп, науқастың денсаулығын тез қалпына келтіріп, протездің де  мерзімін ұзартатына тоқтала кеткен жөн. Mako технологиясы арқылы бір айдаршықты эндопротездеу жасатқан науқастар оның зақымы аз екенін, белсенді өмір салтына тез оралу мүмкіндігі мен протезді өз буынындай сезінгендерін айтады.

«Бүгінде мұндай технология дамыған елдерде танымал, оны АҚШ, Канада, Жапония, Кореяның жетекші клиникаларында қолданып келеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біз бүгін Қазақстанда роботтың көмегімен алғашқы тізе және жамбас буындарын ауыстыру оталарын жасадық – бұл инновациялық ортопедия үшін әрі травматологиялық-ортопедиялық көмекті жетілдірудің жаңа кезеңі. Жыл сайын мұндай операцияны қажет ететін науқас саны артып келеді. Мәселен осы жылдың 10 айында біздің ауруханада бір жарым мыңнан астам буын ауыстыру отасы жасалса, ендігі мақсатымыз – қызметімізді жетілдіріп, сапалы медициналық көмек көрсету», дейді Алматыдағы №4 ҚКА директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, MBA, DBA, профессор Біржан Досмаилов.

Айтқандай, 2012 жылы осы ауруханада жамбас, тізе, иық, шынтақ буындарын ауыстыруды, сонымен қатар аяқ-қолдың ірі буындарындағы эндопротезді толық және жартылай ауыстыруды жүзеге асыратын мамандандырылған эндопротездеу бөлімшесі ашылғанын айта кету керек.

Ал эндопротездеу тәжірибесі 1975 жылы Анатолий Чучуло №4 ҚКА-да жамбас буынын бір полюсты эндопротездеу операциясын жасаған кезден бастау алады. Осы жылдар ішінде 20 мыңнан астам пациентке буын ауыстыру операциясы жасалған.