Зайсан қаласында еркін күрестен 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында еркін күрестің негізін қалаған ардагер жаттықтырушы Досмұхамбет Хасеновті еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Оған Жетісу облысынан, Астана мен Семей қалаларынан, облыстың аудандары мен қалаларынан барлығы 230 балғын балуан қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы қатысушыларды құттықтап, қысқаша сөз сөйледі. Бүгінгі жасөспірімдердің ертең Олимпиада чемпиондары атануына тілектестігін білдірді.
Шәкіртін еске алуға арналған турнирге Павлодардан Д.Хасеновтің бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Надыр Әділханов арнайы келді. Атақты балуан Жанәділ Атаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Еркебұлан Зағыпаров, әлемнің екі дүркін жүлдегері, Қазақстанның алты дүркін чемпионы Азамат Дәулетбеков балғын балуандарды құттықтады. Д.Хасеновтің көзін көрген ағалары мен достары, сонау Астана мен Алматыдан, Өскеменнен ат терлетіп келген Қадылбек Смағұлов, Қазыбек Смағұлов, Марат Саухатов оның спортқа сіңірген еңбегі туралы тебірене айтты.
Белдесулер аса тартысты өтті. Өз салмақ дәрежелері бойынша Омар Жәңгірхан, Әлем Төлеубеков, Әмір Әмірбек, Сабыржан Рахатов, Мұрат Темірлан, Мағына Бақытнұр, Нұрлыбек Нұрәлі, Самат Досымұлы, Асылбек Оразбаев, Айбек Ілиясұлы чемпион атанды. Зайсандықтар арасынан Жанат Дарын, Арсен Алтынбекұлы, Нұрғалым Дәулетбекұлы, Батыр Серікболұлы, тағы басқалар жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай марапатталды.
Зайсан ауданы балуандарын қорғауға арналған «Зайсан жайсаңдары» деген қор ашылды. Оның төрағасы болған Кенжебек Мәкеновке Д.Хасеновтің достары ат мінгізді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы