Отандық медицина тарихындағы ілкімді оқиғалар қатарына жақында өткен әлемдік офтальмология жұлдыздарының Қазақстанда тоғысқанын қосуға болады. Алматыда өткен халықаралық конференцияда айтулы көз дәрігерлері, хирургтер шала туған нәрестелердің көз ауруының алдын алу мен емдеудің заманауи әдістерін ұсынды.
«Офтальмологиядағы дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық жетекші неонаталдық офтальмологтері Қазақстанда ретинопатия салдарынан шала туған сәбилердің соқырлыққа душар болуы, көз мүгедектігі көрсеткіші төмендей бастағанын растады. Мәселен, елімізде жыл сайын 22 мыңнан аса нәресте шала туатын болса, көз торының ауыр дерті – шала туған нәрестелер ретинопатиясы диагнозы қойылған 4 мыңдай сәбидің тас соқыр болып қалуы ғажап емес.
Басқосу барысында Қазақстан, Үндістан мен Ресейдің айтулы мамандары шағын бейнекамералардан бастап арнайы мобильді қосымшаларға дейінгі соңғы әзірлемелерімен бөлісті. Авторлар бұл жетістіктерді Қазақстанда алғаш рет ұсынып отырғанымен, дәрігерлер бір-бірімен әрдайым байланыста болған. Осы арқылы ең нәзік науқастарға – бірнеше апталық сәбилерге операция жасауда айтарлықтай ілгерілеу бар.
«Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саинның келтірген дерек бойынша, Қазақстанда 2022 жылы ретинопатия диагнозымен жаңа туған нәрестелердің жалпы саны 1 523 болса, офтальмологтер 597 операция жасады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 34%-ға жоғары. Сондай-ақ ол «ДОМ» қоры жұмыс істеген кезеңде 2 369 балаға жасалған 3 751 операцияның, оның ішінде 2010-2023 жылдар аралығында 632 ретинопатия операцияның ақысын төлегенін айтты.
Үндістаннан келген доктор Ананд Винекар бүгінгі таңда өз елінде 3,5 миллион шала туған нәресте бар екенін айтты. Бұл ел осы көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында екен.
«Үндістанда ретинопатиямен ауыратын балаларды емдейтін мамандар саны Қазақстандағыға жуық. Әрбір 2-3 сағат сайын Үндістанда бір сәбиге операция қажет екенін мен нақты білемін. Скринингті кейінге қалдыруға болмайтынын балалардың ата-аналарына үнемі ескертіп отырамын. Скринингті алғаш рет 14 жыл бұрын бастадым, көзді зерттеуге арналған ретиналды камералардың жыл өткен сайын жетілдіріліп жатқанына қуаныштымын. Бүгін біз өз әдістерімізбен, тәжірибемізбен бөлісіп отырмыз. Жаңа технологиялардың көмегімен қазір дәрігерлер ғана емес, медбике де сәбилерді тексере алады. Бұл жағдай ресурстар мен қымбат уақытымызды үнемдейді», дейді А.Винекар.
Айтқандай, үнді дәрігерлері Қазақстанға сәбилердің көру қабілетінің ауытқуын ерте бастан анықтауға мүмкіндік беретін авторлық құрылғы әкелген. Бұл сезімтал камера американдық әріптестерінікі сияқты көлемді емес және диагноз қойылғаннан кейін 24-72 сағат ішінде көмек беруге болады. Бұл – бүкіл әлемдегі офтальмологтер арасында «алтын сағат» ережесі.
Ретинопатия диагнозы қойылған сәбилерге көмектесу үшін шетелдік әріптестерімен белсенді байланыс орнатуға қол жеткізген балалар офтальмологі Әсел Шәріпова: «Ата-аналар үшін бұл медициналық атаудың астында нәрестенің көру жүйкесінің дамымауымен сипатталатын ауыр ауру жатыр. Биыл алғаш рет осы конференцияға ретинопатия бойынша әлемдік ауқымдағы жетекші мамандар қатысты. Бұл ғылыми зерттеушілердің, отандық офтальмологтердің ғана емес, сонымен қатар қайырымдылық қорлары мен ата-аналардың тәжірибе алмасуының бірегей алаңы болды. Әркім өзіне керек сабақ алғанына сенімдіміз», деді.
Ең бастысы, шала туған балалардың ретинопатиясын анықтау дәрігердің жоғары кәсібилігін ғана емес, мамандандырылған құрал-жабдықтарды – офтальмоскоп, ретиналды камера, офтальмологиялық лазер сияқты заманауи медициналық технологияларды қажет етеді. Ал мұндай жабдықтарға қол жеткізу үшін қомақты қаражат керек. Дегенмен бұл мәселе қайырымдылық қорларының қолдауымен шешімін тауып отыр.
«Сәбилер дүниеге келе салып мүгедектікке ұшырау деңгейін азайту үшін алдымызда күрделі міндет – қысқа мерзім ішінде жаңа туған нәрестелердің барлығын диагностикалық құрал-жабдықтардың орасан жетіспеушілігіне қарамастан, офтальмологиялық скринингпен қамту мәселесі тұрды. AYALA қайырымдылық қоры мен «Қазақстан Халқына» қорының бірлескен күш-жігерінің көмегімен өңірлерден келіп түскен офтальмоскоптарға деген сұраныс орындалды. Медициналық көрсетілімдер бойынша қажет болған жағдайда балаларға лазерлік түзету Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің 7 перинаталдық орталығында жүргізіледі. Бұл – ел үшін үлкен жетістік, яғни денсаулық сақтауды жақсарту мен балалардың көру қабілетін сақтауда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын көрсетеді. Жаппай офтальмологиялық скринингті енгізу мен лазерхирургиялық операцияларды жүргізу жаңа туған нәрестелердің көру қабілетін дер кезінде диагностикалау мен емдеуді қамтамасыз етеді деп үміттенеміз», дейді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Қазіргі таңда еліміздің 16 медициналық орталығы офтальмоскоптармен, 5 лазерлік қондырғы, 5 ретиналды камерамен қамтамасыз етілген. Офтальмологтердің біліктілігі, қайырымдылық қорлары мен отандастарымыздың, демеушілердің қосыла қолдауының арқасында небәрі 1,5 жылдың ішінде сәбилер соқырлығын азайтуда үлкен серпіліс жасалды.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жылына жүздеген бала көру қабілетінен айырылып, аналарының көзіндегі мейірім мен жарық дүниені сезіну бақытынан айырылып жататын еді. Ата-аналар ретинопатияны шетелде емдеуді өтініп, қайырымдылық қорларына талай мәрте жүгінуге тура келген. Өкінішке қарай, мұндай емделу әрдайым сәтті өтпеді, себебі бірден, туғаннан кейінгі алғашқы айда ретинопатияның белең алуын тоқтатуға болатын қымбат уақыт өтіп кетті. Қазір елімізде шала туған нәрестелердің көз торын диагностикалау, лазеркоагуляциялау да жаппай жүргізіліп жатыр», дейді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы Айдан Сүлейменова.
АЛМАТЫ