• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Теңге 08 Қараша, 2023

Төл теңгенің тарихы

823 рет
көрсетілді

Қазақстан Ұлттық банкі 1992 жылдың 27 тамызы күні теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Онда ұлы тұлғалардың портреттері бар-тын. Ертесіне қазақ валютасының дизайнын жасаған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлеловтер Англияға аттанды. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлт­тық валютасы – теңге айналымға енді. Ескі ақшаны төл теңгеге айыр­бас­тау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге баға­ла­ған болатын. Дегенмен еліміздің сая­си, әлеуметтік мәселелері және мем­ле­кет­ара­лық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сом деп бекітілді. Теңге алғаш айналымға кірген күні 1 доллардың бағамы 4,75 теңге болды.

1993 жылы қараша айына дейін эмис­сиялау қызметін тек қана Ресейдің Ор­та­лық банкі (бұрынғы КСРО-ның Мемлекеттік банкі) атқарды. Ол кезде Қазақстан аумағында төлем құралы ретінде КСРО Мемлекеттік банкінің немесе Ресей Орталық банкінің 1961-1991 жылдары шығарған рубльдегі банк­ноттары мен монеталары қызмет етті. Өйткені Қазақстан сол уақыттары шаруашылық айналымға қажетті Ресейдің рублін сатып алып отырған. Әсіресе 1 рубльдегі қолма-қол ақшаны 2 рубль қолма-қолсыз ақшаға сатып алған. КСРО ыдырағаннан кейін оның кұрамына енген кейбір республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, яғни «рубль аймағынан» шығып кеткен болса, Қазақстан сол аймақта екі жыл бойы қалды. Оның басты себебі, Қазақстанда өзінің банкнот шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмады.

Алғашқы валюталар 1992 жылы құ­пия жолмен 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 но­ми­налдағы банкноттар түрінде төрт ғасыр­лық тә­жіри­бесі бар ағылшынның пошта мар­кілері мен банкнот жасауды кәсіп еткен «Хар­рисон және оның ұлдары» компания­сы­мен өзара жасалған келісімшартқа байланысты шығарылды.

1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзі­нің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жіберген. Сондай-ақ Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынған.

Ресей рубльді пайдалану үшін Қазақ­­станның Ресейдің құрамына Ресей Феде­ра­ция­сының субъектісі ретінде енуін; тә­уел­­сіздіктің алғашқы жылдарында жи­­на­ған небәрі 700 млн-нан аса АҚШ дол­ла­рындағы алтын-валюта резервін Ресей­дің орталық банкіне тапсыруды шарт қылып қойды.

Сол уақыттан бастап Қазақстанда КСРО рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтардан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры, оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 пайыздан асып кетті.

Осындай жағдайлардың орын алуы Қазақстанның төл валютасын шығаруға негіз болды. Сөйтіп, 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-18 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубль­дерін ұлттық валюта – теңгеге айырбас­тау шаралары жүзеге асты.

Сол кезден бастап Қазақстан Респуб­ли­­ка­сы Ұлттық банкі эмиссиялық банк болып табылады. Ұлттық банктің эмис­сия­лық қызметі оның құрылымдық бөлім­­шелері: Алматы қаласында орна­лас­қан Қазақстан Республикасы Банкнот фаб­ри­­касының банкноттары мен Өске­мен қаласындағы Монета сарайында дайын­далған монеталар көмегімен іске асады.

Банкноттар мен монеталарды шығару, олардың айналысын ұйымдастыру, жалған ақша жасаушылармен күрес бірте-бірте ғаламдық проблемаға айналды. Бір­қатар мемлекет банкноттар мен монеталарды алдыңғы қатарлы технологиялары бар компанияларға ішінара және толық бере отырып, өздері оларды жасаудан бас тартады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық бан­кі­нің Банкнот фабрикасы қорғалған бас­па үшін қазіргі заманғы баспа жаб­дық­тарымен жарақтала отырып, тек ұлт­тық валюта банкноттарын ғана шығарып қана қоймай, мемлекеттік және коммер­ция­лық тапсырыстар бойынша қорғалған полиграфиялық өнімдерді де шығарады.

Қазақстан теңге сарайы шығарған монеталар Берлинде (Германия) беделді Монеталар сарайы көрмесінде жоғары баға­ланған. Оған деген мамандар мен кол­лекционерлер арасындағы қызығу­шы­лық күннен-күнге өсіп отыр.

Қазақстан Теңге сарайы IS0-900:2000 халықаралық стандарт бойынша сапа менеджменті жүйесін ендірді және монета өнімдері мен мемлекеттік наградаларды шығаруға сертификаттар алды. Кәсіпорындар үшін шығарылған наградалар ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері саналады. Басқа орталық банк­терден монеталар дайындауға алынған тапсырыстан басқа, ҚТС бірнеше ха­лықаралық монеталар бағдарламасына, оның ішінде Олимпия ойындары мен футболдан әлем чемпионатына арналған бағдарламаға катысуға шақырту алды. Соңғы жетістіктер ретінде биколорлы монеталарды, эмалі бар proof сапа­сындағы күміс монетаны, ұлттық валютаны енгізуге 15 жылдыққа арналған салмағы 1 кг, номиналы 50 000 теңге күміс және алтын бірегей монеталар шығаруды меңгеруді атап өтуге болады.

Қазақстан Ұлттық банкі маңызды даталар мен ұлы тұлғалардың мерейтойларына арналған монеталар да шығарады.

Алғашқы кезде теңгенің бірінші шыға­рыл­ған қатары (1 теңге = 100 тиын) мынадай номиналдардан тұрды:

1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттар;

1, 3, 5, 10, 20 теңгелік монеталар;

1, 3, 5, 10, 20 және 50 тиындық монета­лар (бастапқыда қағаздан жасалған).

Кейіннен айналысқа:

1994 жылы 1993 жылғы үлгідегі номиналы 200 теңгелік және 1994 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар;

1995 жылы 1994 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттар;

1996 жылы 1996 жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік банкноттар;

1997 жылы номиналы 1, 5, 10, 20, 50 теңгелік монеталар (жаңа дизайны);

1999 жылы 1998 жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңгелік банкноттар;

2000 жылы 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар (дизайны өзгертілген);

2001 жылы 2000 жылғы үлгідегі номиналы 1000 және 2000 теңгелік банкноттар (дизайны өзгертілген);

2001 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген);

Қазақстан Республикасы тәуелсіз­ді­гі­нің 10 жылдығына арналған 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік мерейтойлық бан­кноттар;

2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген);

2002 жылы 2003 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар;

1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген) шығарылды.

2003 жылы 2003 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік банкноттар;

2006 жылы 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар (мүлде жаңа дизайн);

Қазақстан Ұлттық банкі 2006 жылы айналымға 200 теңгеден 10000 теңгеге дейінгі жаңа дизайнды банкноттар да­йындап шығарды.

Қазақстанның 2006 жылы 15 желтоқ­санға дейін ақша айналымында: 10000, 5000, 2000, 1000, 500, 200, 100, 50, 20, 10, 5, 3 және 1 теңгелік банктік билеттер, 20, 10, 5, 3 және 1 теңгелік металл монеталармен бірге 500 теңгелік алтыннан мерейтойға арнап дайындалған монеталар, алғашқыда көлемі 64x100 мм су тамғалы қағазға басылған 50, 20, 10, 5, 2 және 1 тиындар, кейіннен олардың орнына осы номиналдарда металл тиындар шығарылды.

Бүгінгі күні 1 теңгеге дейінгі тиын монеталар айналымнан алынған, сондай-ақ 100 теңгеге дейінгі номиналдағы банкноттар (қағаз түріндегі) айналымда жүрмейді, олардың орнында металдан жасалған монеталар қолданыста жүр.

2006 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттардың келбетіне өзгерістер енгізіп шығарды. Мұндағы шаралар банкноттағы адам бейнесінің болма­уын және олардың қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздейді.

Алғашқы теңгенің алдыңғы жағында Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай хан портреттері болды. Екінші серия «Әл-Фараби» деп аталды. Ұлттық валютаның «Бәйтерек» деп аталатын үшінші буыны 2006 жылы шы­ғарылды. Қа­зір ұлттық валютаның төр­тінші толқы­ны айналымда жүр.

«Самұрық» сериясына 2011 жылы алғаш шыққан 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар енген. Олардың алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументі және көгершіндер бар.

«Самұрық» сериясына 2011 жылы алғаш шыққан 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар енген. Олардың алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументі және ұшатын көгершіндер бар.

Алғаш айналымға енгізілген кезде 1 доллар – 4,75 теңге болса, бүгінгі күнде 460 теңгеден жоғары.

Жалпы, «теңге» атауына келер бол­сақ, бұл ежелден Түркістан өңірі халқына жат сөз емес. «Тең­ге» сөзі байырғы рухани мұраларда, фольклор мен көркем әдебиетте жиі кездеседі.

 

Бегабат ҰЗАҚОВ,

журналист