• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жастар 08 Қараша, 2023

Жұмыссыз жастарға – қайтарымсыз грант

429 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығында «Zhas project» жобасының жеңімпаздары анықталды. 1 млн теңгеден қайтарымсыз грант алған ақтөбелік 14 жұмыссыз жас жақын аралықта өз кәсібін ашады. Олардың арасында сабын өндірісі, ұлттық бұйымдар тігу, дизайн студиясы, кондитерлік цех, клинингтік қызмет, балаларға шахмат курсын ұйымдастыру, киім цехы жобалары бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қол­дау» орталығы бастамасымен жер-жерде жұмыссыз жастарға ұйымдас­ты­ры­лып жатқан осы әлеуметтік жобаның тиімділігі өте зор. Қазан айының басында 18-ден 35 жасқа дейінгі жұмыс­сыз­дарға қайтарымсыз грант бері­летіні туралы Ақтөбе облыстық жас­тар ресурстық орталығы сайтында ха­бар­лама жария­ланды. Басты талап – қаты­су­шы enbek.kz сайтына жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Бір айдың ішін­де 300-ден аса жас кеңес алды, 160 өтінім түсті. Әлеуметтік желілерде ұйым­дас­тырылған тікелей эфирлерде грант қаржысын тұрғын үй құрылысына, жер телімі мен автокөлік сатып алуға, қор­шаған ортаға зиянын тигізетін жобаларға салуға, қайырымдылық шараларға жұмсауға болмайтыны айтылды. Өтінімдерді іріктей келе, байқау талаптарына сай келген 48 комиссия қарауына ұсынылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жалпы жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, «Zhas Project» жобасына кейінгі алты айда жұмыс істемеген жастар қатысты.

«Облыстық мәслихат депутаттары, «Ата­мекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, БАҚ өкілдері, сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы қызметтің еріктілерінен құралған комиссия мүшелері жобаның әлеуметтік маңызына назар аударды. Мәселен, мүгедектігі бар жас комис­­сия мүшелері алдында өз жоба­сы­ның өміршеңдігін дәлелдеп шықты. Оның денсаулық жағдайына қарамас­тан өз ісін бастауға деген ерекше құл­шы­нысы өз қатарластарына үлгі болар­лықтай. Комиссия мүшелері тағы бір қатысушының қысқамерзімді оқы­ту жобасына назар аударды», дейді Е.Нұрғалиев.

Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің 23 жастағы тұрғыны Данияр Сәкенов ауыл жастарын фото-бейне түсірілім жасауға үйретіп, графикалық дизайн, мобилография курстарына екі ай тегін оқытпақшы. Ол грант қаражатына қажет­ті жабдықтар сатып алатынын айтты. Үміт Божымбетова мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары үшін кулинарлық та­ғамдар пісіруді үйрететін курс ұйым­дастырады. Өйткені мүгедек баланы бағып отырған аналар үйден тысқары жерде жұмыс істей алмайды. Сол үшін де жас аналардың үйлерінде отырып-ақ белгілі бір кәсіп түрін үйренгені абзал. Тұрсынай Боранбаева осы кезге дейін тапсырыспен құрақ көрпелер тігіп, ескі жұмсақ жиһаздардың матасын жаңартып ақша тауып жүр.

«Бөлменің интерьеріне сай көрпелер тігуге тапсырыстар алып жүрмін. Тігуді өзім үйрендім. Мен – дамуы тежелген баланың анасымын. Балам көпке қосылғанды ұнатпайды. Ол өзімен қатарлас балалармен еркін ойнай алмайды, жалғыз тастап та кете алмайсың. Қазір арнайы балабақшаға барып жүр. Бір жағынан баламды қарап, екінші жағынан табыс та тапқым келеді. 1 млн теңге мемлекет қаржысы маған үлкен қолдау болды. Оған тігін машиналарын сатып аламын», дейді 33 жастағы Тұрсынай.

Мәртөк ауданының 32 жастағы тұр­ғыны Наурызбек Ербатыров кірсабын жасауды қолға ала бастады.

«Өткен жылдан бері ойымда жүр­се де, қаражатым болмаған соң жұ­мыс бастай алмадым. «Zhas Project»-ке бизнес-жобамды ұсынып жеңіске жеттім. Енді Мәртөк ауылындағы бір бос ғимаратты жалға алып, цех ашып, кірсабын жасайтын құрал-жабдық сатып алмақшымын. Оған шикізат ауылдан табылады. Кірсабынға малдың тоң майы мен өсімдік майының қалдықтары керек. Ең бастысы, мен таза, табиғи, бағасы арзан сабындар жасап, ауданымыздағы дүкендерге арзан бағамен өткізуді жоспарлап отырмын. Жабдықтар келсе, бір айда өнім шығара бастаймын. Сабын жасайтын құрылғылар әртүрлі болады. Шикізаты жеткілікті болса, күніне 1 500-2 000 дана сабын шығаратын жабдықтар бар. Бірақ мен ондай көлемде шығара алмаймын. Күніне 500 дана сабын дайындап сатылымға жібере алсам, өте жақсы болар еді. Осы жұмысты жолға қойған соң сұйық сабын өндірісін бастаймын», дейді ол.

Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген грант иегерлері екі ай қаржылық бас­қару, есеп жүргізу курстарынан өтеді. Жұмыссыз ауыл жастарына арналған осындай нақты қолдау ауылдағы кәсіп түрлерін кеңейтуге жол ашады әрі салық базасын да молайтады.

 

Ақтөбе облысы