Бокстан 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы спартакиада турнирі Астана қаласында ұйымдастырылады. Бокс бәсекесі «Beeline Arena» (Тұран даңғылы, 4/2) спорт кешенінде қарашаның 13-19 күндері аралығында өтеді. Бұл туралы boxingkazakhstan инстаграм арнасынан мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған жарысқа әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және еліміздің барлық өңірінен 250-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысады.
Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер арасында 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңіс тұғырынан көрінетін боксшылар анықталады. Барлық жұдырықтасу жекпе-жектерін күндізгі 12:00-ден бастап, «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектердің чемпиондары 19 қарашада белгілі болады. Спартакиада жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады. Іс-шара Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді. Жарыстың демеушілері: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Sport Qory. Айта кетсек, бұған дейін бұндай спартакиада 2019 жылы Қызылорда қаласында өткен.