Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп гимназиясының 1 «Г» сынып жетекшісі Асылхан Абылова оқушыларымен бірлесіп мектеп қызметкерін қуантты. Осы мектепте тазалыққа жауапты қызметкердің 60 жасқа толған туған күнінде күтпеген тосын сый жасады. Әлеуметтік желіде кең таралып, қоғамның құрметіне кенелген шынайы құттықтаудың анық-қанығын ізгі амал ұйымдастырушысының өзінен сұрадық.
«Мектебіміздің тазалығына жауап беретін апайды қуантуды өзім көптен бері ойлап жүрген едім. Өйткені менің сыныбымдағы оқушылар мектеп табалдырығын жаңа аттаған жеткіншектер болғандықтан су төгіледі, қолындағы затын шашып алады дегендей. Сонда осы Кенже апайымызды шақырсақ, еш қабақ шытқан емес. Басқа да тазалыққа жауапты кісілер бар, әсіресе өзіміздің замандастарымыз, бір-екі рет шақыртудан кейін қабағы қатуланып, оқушыларға ұрсуға дайын тұрады. Бұл апайдың ондай мінезін көрген емеспіз. Сондықтан да жақсы адамды қуантсақ деп ойладым. Бір күні әңгіме арасында өзі биыл қазан айында 60 жасқа толатынын айтып қалды. Кенже апайымыз мерейлі 60 жасқа толған күні ата-аналармен ақылдасып сыйлығымызды, гүлімізді алып сыныбымызда күттік. Онда да «апай, сыныпта бір оқушы су төгіп алды, сүртіп аласыз ба» деген «жалған шақыртуымызға» келгенде бәріміз құрметтеп қарсы алдық. Өзі де абдырап қалды. Кейін өзі сыныбымызға қайта келіп мұндайды күтпегенін, оқушылардың шынайы ықыласына ерекше разы болғанын айтты. Біз де осы кішкентай ғана жақсылығымыз елге кең таралып, қызу қолдау табады деп ойламадық та. Әлеуметтік желіде аз уақыттың ішінде 1 миллионнан аса қаралым жинады. Жазылған барлық пікірді оқып шықтым, разы болып жатыр бәрі. Адамға керек жылулық, сый-құрмет деген осы шығар. Менің пайымдауымша, кез-келген адамға сыйлық жасап қуанту – ізгі амалдың бірі, дінде де адамдардың бір-бірін қуантуы сүннет екені айтылады. Апайымызды қуантқанымыз үшін өзіміз де алғысқа кенелдік», дейді А. Жекейбайқызы.