Оқу жылының екінші тоқсанынан бастап Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен елордадағы барлық білім ошағында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы басталды.
Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, таным көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отырған жоба аясында балалар күнде 8 минут кітап оқиды. Яғни әр үзіліс сайын сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға бөледі.
«Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, баланың шығармашылық ойлау жүйесін жақсартады. Бұған қоса, білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны қолға алып, мектептерге енгізіп отырмыз», дейді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Сондай-ақ мектептерде «Буккросинг» бұрыштары ашылады. Онда оқушылар бір-бірімен кітап алмасады. Мектептердің фойелеріндегі коворкинг зоналар да балаларға арналған.
«Бүгін біздің мектепте «8 минуттық оқу» кітап оқу жобасы басталды. Біз бірінші сабақтың алдында көркем әдебиет оқыдық. Мен Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасын оқуды бастадым. Бүгін 8 минутта 5 бет оқыдым. Демек бір айда осы қарқынмен толық бір кітапты аяқтайтын сияқтымын. Осы кітапты аяқтаған соң, басқа шығармаларды да оқимын. Кітап оқу жобасының басталуына қатты қуандым. Өйткені талап етпесе, балалар кітап оқымайды. Бәріңізді кітап оқуға шақырамын», дейді №90 мектептің 5-сынып оқушысы Әмина Сәрсенбай.