Отандық ғалымдар сиыр сүтін алмастыратын сүт ұнтағын ойлап шығарды. Елімізде өсетін өсімдіктерді ұнтақтап, биотехнологиялық әдіспен құрғақ сүт өнімін жасады. Енді өсімдік сүтін де ішуге болады.
Табиғи сиыр сүтіне ештеңе жетпейтіні рас. Сиыр сүті қуатты дәрумендерге толы. Бірақ мұның көлеңкелі тұсы да бар. Айналамызда сиыр сүтін іше алмайтын, лактозаға аллергиясы бар адамдар көп. Ғалымдардың дерегінше, жаһан халқының 75 пайызы лактозаға төзе алмай, аллергиямен алысып өтеді екен. Мамандардың зерттеуі бойынша бүгінде біздің елде бұл дерт балалар арасында жиі кездесе бастаған.
Міне, астаналық жас ғалым Гүлназым Оспанқұлова сол себепті де сиыр сүтіне балама ойлап шығарған. Арпа, бидай, сұлы, күріш және соя өсімдігінен жасалатын сүт лактозаға аллергиясы бар адамдарға үлкен көмек болатын еді. Мұндай жаңалық бұрын-соңды әлемдік нарықта болған. Ал біздің елде алғаш рет отандық өнім түрінде нарыққа шықпақшы.
– Жобамызда қарастырған өсімдік негіздегі сүт алмастырғыштарды ойлап тауып, жүзеге асырып, елімізде шығармақшы болдық. Ғылым қоры арқылы грант ұтып алдық, алдында жүргізілген зерттеу нәтижеге алып келді. Сол нәтижелерді енді қазір грант арқылы үлкен өндіріске шығармақшы болып отырмыз, – дейді жоба жетекшісі Гүлназым Оспанқұлова.
Жоба өндіріске сақадай сай. Қазір Ғылым қоры грантының көмегімен өндіріске қажетті жабдықтар алынып, зауыт ашу жұмыстары басталып кеткен. Зауыт күніне 8 мың литр өсімдік сүтін шығара алады. Бұл көлем ішкі нарық сұранысын толық қамти алады. Өндірісте ақуыз құрамы, дәмдік сапа, органикалық қасиет зерттеледі. Құрамы денсаулыққа пайдалы болатындай жасалады.
Қазірде өсімдік негізіндегі баламалы сүт өніміне сұраныс көбейе бастаған. Отандық жас ғалымдарың әлемдік журналдарға шыққан ғалыми мақаласын көрген қытайлық ғалымдар тиімді ұсыныс та жасап, қызығушылық танытқан. Елдегі дүкен сөрелерінде сүтті алмастыратын шетелдік баламалар толып тұр. Бірақ биологтер олардың сапасы мен құрамына күмәнмен қарап жүр. Ал отандық өнімнің құны да қолжетімді, сапасы да жақсы. Жобаның коммерциялық маманы Марат Мұратханның айтуынша, өнім 2025-жылдың басында немесе 2024-жылдың соңында толықтай дайын болып, нарыққа шыға бастайды.
– Сапасын бақылау мақсатында өнім зауытта өңделіп дайындалады. Бидай, арпаның бәрін ұнтақтатып, лабораториялық жағдайда сапасы анықталады және рецебін дайындау мақсатында мамандар өңдейді, – дейді өнімді коммерцияландыру жөніндегі маман Марат Мұратхан.
Өсімдік сүтін жасаудың жолы да жеңіл. Бірінші қажетті шикізатты жуып, тазалап, кептіріп, бірнеше мәрте үккіштен өткізу қажет. Екінші қажетті қоспаларды қосып, қоймалжың қалыпқа келтіру үдерісі жүреді. Үшінші бір қалыпқа келгенге дейін араластыру қажет. Осылай зертханада дайындалған өнім бүрку-кептіру аппаратымен құрғақ күйге өзгереді. Бұған 30 минут жеткілікті. Зертханада химиялық, физикалық және реологиялық қасиеті анықталғаннан кейін ғана, сынамадан өткізуге басқа зертханаларға жіберіледі.