Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бизнес жүргізу мәселелері, қоғамдық бірлестіктерді құру тәртібіне қатысты заң жобалары қабылданды.
Кәсіпкерлікті тексеру заңмен реттеледі
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат талқыланды. Заң жобасы елдегі бизнес-ахуалды жақсарту мақсатымен әзірленді. Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, құжат мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін ретке келтіру, оларды жүргізудің ашықтығын арттыру, кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған.
«2021 жылғы 30 желтоқсанда кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясат мәселесі бойынша Заң қабылданды. Үкімет қабылдаған Заңды іске асыру мақсатында кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жұмысты екі бағытта жүргізеді. Бірінші – мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу. Екінші – бизнес үшін маңызды емес талаптарды қысқарту есебінен әкімшілік жүктемені азайту», деді Ә.Қуантыров.
Сала басшысының сөзіне сүйенсек, мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау шеңберіңде бизнесті жазалаудан құқық бұзушылықтың алдын алуға көшу көзделген. Осы орайда 326 түзетуді қамтитын заң жобасы әзірленген.
«Түзетулер бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын тек заңнамалық деңгейде регламенттеуге бағытталған. Біріншіден, қазіргі уақытта жекелеген салалық заңдарда жедел ден қою шараларын қолданудың шарттары мен тәртібі белгіленбеген.
«Таза парақтан» реформасы шеңберінде Кәсіпкерлік кодексінің 136-бабында, егер Қазақстан Республикасының заңдарында жедел ден қою шараларын қолдану тәртібі болмаса, оларды қолдануға тыйым салу белгіленген. Осылайша, заңға тәуелді акт деңгейінде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу тәртібін белгілеуге тыйым салынады», деді Ә.Қуантыров.
Ұсынылып отырған заң жобасында 10 салада жедел ден қою шараларын қолдану тетіктері айқындалған. Атап айтқанда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, өнеркәсіптік қауіпсіздік секілді бірқатар мәселе қарастырылған.
«Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқық бұзушыларға заң жүзінде ден қоюға және бизнес субъектісінің кінәсінен туындаған халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз оқиғалардың басталуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау 90-нан астам кәсіпкерлік қызмет саласында жүзеге асырылады. Бұл ретте бақылау жүргізудің жалпы тәртібі Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген. Сонымен қатар өз ерекшелігі бойынша бақылау және қадағалау органы тарапынан жедел ден қоюды талап ететін бірқатар сала бар.
Бұл салаларда бақылау субъектісін, оларды жүргізу уақытын, субъектінің және (немесе) объектінің орналасқан жерін алдын ала айқындау мүмкін емес. Сондай-ақ бақылау субъектілерін алдын ала хабардар ету және тексерулерді прокуратура органдарында тіркеу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты бұл салаларда бақылау жүргізу тәртібі жалпы тәртіптен шығарылған және мына салаларда салалық заңдар деңгейінде ғана белгіленуге тиіс», деді Ә.Қуантыров.
Сала басшысының сөзіне сай, бұл бақылау және қадағалау органдарына қоғам үшін қауіпті зардаптардың туындауын болдырмауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, кәсіпкерлік қызмет үшін оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге жол ашады.
«Бұған дейін Кәсіпкерлік кодексінде мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізуге қойылатын талаптар белгіленген болатын. Жаңа реформа шеңберінде мұндай бақылау Кәсіпкерлік кодексінің қолданысынан шығарылды. Осылайша, мұндай бақылауды жүргізу тәртібі салалық заңдарда регламенттелуге тиіс. Осыған байланысты, заң жобасында 10 бақылау саласында мемлекеттік органдарды тексеру тәртібін регламенттеу ұсынылады. Бұл тексеру жүргізген кезде бұзушылықтарға жол бермеуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің пайымдауынша, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, атом энергиясын пайдалану, өсімдіктерді қорғау, электр энергетикасы саласында тергеп-тексеру жүргізуді регламенттеу көзделеді. Заң жобасындағы екінші бағыт бизнес үшін өзекті емес талаптарды қысқарту арқылы әкімшілік жүктемені азайтуға арналған.
«2022 жылы барлық мемлекеттік органдарда салалық жұмыс топтары реттеудің 44 саласы бөлінісінде құрылды. Нәтижесінде, жұмыс топтары 128 мыңнан артық талаптар анықталған 44 саладағы 2823 НҚА-ны талдады, олардың ішінде 10 мыңнан астамы жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді. 10 мың өзекті емес талаптың ішінен 9 мыңы қазірдің өзінде заңға тәуелділігі деңгейінде алып тасталды. Қалған талаптар осы бизнес жүргізу жөніндегі заң жобасына енгізілген Түзетулердің бірыңғай пулы шеңберінде алып тасталады», деді Ә.Қуантыров.
Бұдан басқа табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және балық шаруашылығы саласында кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Болатбек Нажметдинұлының айтуынша, құжат мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін ретке келтіру, оларды жүргізудің ашықтығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету арқылы кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жақсартуға арналған.
«Заң жобасында 82 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекс пен 75 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Біріншіден, қадағалаудың 10 саласында жедел ден қою шараларын жүзеге асыру регламенттеледі. Бұған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, өнеркәсіптік қауіпсіздік және басқалар да маңызды салалар кіреді. Екіншіден, бақылаудың 7 саласында бақылауды жүзеге асыру тәртібін регламенттеу көзделген. Үшіншіден, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, тілдерді дамыту, білім беру жүйесі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да бақылаудың 10 саласында мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі бекітіледі», деді Б.Нажметдинұлы.
Төртіншіден, бақылау мен қадағалаудың 4 саласында тергеп-тексеруді жүзеге асыру тәртібін регламенттелмек. Атап айтқанда, бұған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, атом энергиясын пайдалану, өсімдіктерді қорғау және электр энергетикасы салалары кіреді. Бұдан бөлек, табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз ету кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады.
Қоғамдық бірлестік құру
Жалпы отырыста Мәжіліс қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы азаматтық қоғамды одан әрі дамыту мен жаңа қоғамдық бірлестіктер құру тәртібін оңайлату мақсатында әзірленген.
«Қоғамдық бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңның қабылданғанына 27 жыл толады. Осы уақыт ішінде бұл құжат азаматтарымыздың қоғамдық белсенділігін көтеруге едәуір қызмет етіп, бұл бағыттағы құқықтарын кеңейтуге ықпал жасады. Еліміздегі демократиялық үрдістердің жаңа белеске шығуы Президентіміздің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында айтылған азаматтық қоғаммен әріптестікті тереңдету туралы талабынан басталды. Өз кезегінде, бұл азаматтарымыздың қоғамдық құқығын одан әрі кеңейтіп, жаңа мүмкіндік туғызады. Сондықтан қоғамдық ұйымдар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – уақыт талабы.
Бұл өзгерістердің ең басты жаңалығы – ендігі жерде қоғамдық ұйымды тіркеу үшін бастамашыл азаматтардың санын 3 есе, яғни 10 адамнан 3 адамға дейін қысқарту болмақ. Дегенмен қоғамдық ұйымдарға қатысты мұндай еркіндік әлемнің озық тәжірибесіне сүйеніп жасалғанын ерекше атап өту керек. Біз Бельгия, Чехия, Литва елдерінде бар жүйеге жүгініп, бастамашыл 3 адамдық қағидатты қабылдап отырмыз», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Министрдің сөзіне сенсек, бұл қадам Қазақстанның халықаралық беделін бекіте түседі. Оның үстіне бұл заң жобасы еліміздегі соңғы кездегі құрылған жаңа өңірлер туралы заңнамалық өзгерістерді ескере отырып, коммерциялық емес ұйымдар туралы қолданыстағы заңның нормаларын қайталамайды.
Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнама нормаларға сәйкестендіріледі, атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің мәртебесі айқындалады, сондай-ақ басқа да мәселелер құқықтық тұрғыда реттеледі. Заң жобасы аясында Азаматтық кодекске, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Саяси партиялар мен діни бірлестіктер құру бұл заңмен емес, салалық заңнамамен реттелетінін айта кеткен жөн.
Талқылау кезінде депутаттар сұрақтарын қойды. Ермұрат Бапи радикалды топтардың бірлестік ашуына қатысты мәселе көтерді. «Қоғамдық бірлестік құру үшін 3 адамның бастамасы жеткілікті болатынын айтып отырсыз. Сіз ұсынып отырған өзгерістер мен толықтырулардың мүмкіндігін пайдаланып, діни радикалды топтар өздерінің қоғамдық бірлестіктерін құруға кірісетіні айдан анық. Өздері құруы мүмкін, біреулердің атынан ашуы мүмкін. Осыны реттеудің қандай мүмкіндіктері бар?», деді Е.Бапи.
Министрдің пайымдауынша, бұған алаңдауға негіз жоқ. Өйткені діни бірлестіктерді құру, тіркеу бұл заң жобасының тетігіне кірмейді. Оған арналған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бар.
«Осы заңда діни бірлестіктерді құру үшін жергілікті орында 50 адам, республика деңгейінде 5 мың адам ниет еткенде ғана тіркеледі. Ал осы заң жобасына бұл тетіктер кірмейді. Сондықтан ондай қауіп-қатер жоқ. Уайымдаудың реті жоқ», деді А.Балаева.
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің сөзіне сүйенсек, жұмыс тобында заң жобасы кең көлемде талқыланған. Оған Мәжіліс депутаттарынан бөлек мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және құқық қорғау ұйымдарының сарапшылары қатысқан.
«Жұмыс тобының отырыстарында белсенді бірқатар мәселені талқыладық. Атап айтқанда, кемінде үш адамнан тұратын топқа қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік беру қарастырылды. Қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкестендіру, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің мәртебесін айқындау көзделді. Қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық реттеу талқыланды. Ескере кететін маңызды жайт, саяси партиялар мен діни бірлестіктер құру бұл заңмен емес, салалық заңнамамен реттеледі», деді Н.Сәрсенғалиев.
Депутаттар Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық келісімі туралы хаттаманы ратификациялады. Мұндай екіжақты құжат 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға 2022 жылы 18 шілдеде Мәскеуде қол қойылды. Мақсаты – Ресей мұнай өнімдерін Қазақстанға жеткізу кезінде уақытша мерзімді кедендік декларациялауды алып тастау. Түзетулер бәсекелестіктің дамуына, сондай-ақ баға белгілеу және жеткізу мерзімдері бөлігінде өз мүдделерін ескере отырып, мұнай өнімдерін еркін сатып ала алатын қазақстандық кәсіпкерлер үшін оң әсер етеді.
Спортқа бөлінген ақша қайда?
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланғаннан кейін депутаттар мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысына жолдаған сауалында спорттағы мәселелерге тоқталды.
«Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланд Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11-орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған», деді Н.Сәрсенғалиев.
Депутаттың келтірген деректеріне сүйеснек, спорт саласына жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөледі. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Осы орайда қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не үшін бюджеттен ақша бөлетінін түсіне алмай дал.
Абзал Құспан Бас прокурорға жолдаған сауалында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне істерді тіркеу мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, Қазақстанда белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдер бар.
«Кейінгі уақытта аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түседі. Мысалы, бұрынғы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған А.Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбат берді.Бұрынғы төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдары бар. Ол кісі әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі. Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағы да басқа бірқатар азаматтың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға халыққа тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілу нақты айтылған», деді А.Құспан.
Депутаттың айтуынша, аталған азаматтардың ашық мәлімет бергеніне қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды.
«Осындай ашық ақпараттарды Бас прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі – ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп. Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, Бас прокуратура – заңдылықтың орындалуын қадағалайтын Конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі қажет», деді А.Құспан.
Сондай-ақ Айна Мысырәлімова елді мекендер маңына жақын орналасқан карьерлер жөнінде Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау қазақ киносының дамуы жөнінде мәселе көтерді. Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депуаттық сауалында жалғыз басты аналар мен әкелерді әлеуметтік қолдаудың маңызына тоқталды. Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға резидент-дәрігердің мәртебесін және мемлекеттік грантты өтеу шарттарын қайта қарауды ұсынды. Бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтарға алданғандарға алаңдаушылық білдірді.