Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбай Бейжіңде өткен оныншы Сяньшань форумына қатысты.
«Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік архитектурасы: бүгіні мен болашағы» форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде бас хатшы геосаяси бөліну мен әлемге түскен сызат жағдайында көпжақтылық пен түсіністік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір ықтимал тәсілі екенін атап өтті.
«АӨСШК-ге мүше-мемлекеттерінің басты мақсаты – БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен халықаралық құқық ережелері, ашықтық пен өзара сенім негізінде Азияда қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын құру. Шешімдер мен шараларды тек консенсус арқылы қабылдауға басымдық береді», деді Қ.Сарыбай.
Сондай-ақ АӨСШК «қарапайымнан күрделі» қағидаты бойынша жұмыс істейтінін атап өтті. Яғни алдымен сенім орнату, содан кейін осы негізде өзара қауіпсіздікті арттыруға әкелетін толыққанды ынтымақтастық құрады. «Бұл – өз кезегінде тұрақты дамудың алғышарты. Сенім шараларына негізделген шынайы көпжақтылықты нығайту ғана заманның сын-қатерлеріне лайық жауап беріп, бәсекелестіктен ынтымақтастыққа өтуге жол ашады», деді Қ.Сарыбай.
Қытай әскери ғылымдар қауымдастығы мен Қытай халықаралық стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған форумға әлемнің 19 елінен қорғаныс министрлері, халықаралық ұйымдардан келген 99 ресми делегация, дүние жүзіндегі ғылыми мекемелер мен сараптамалық орталықтардың зерттеушілері мен сарапшылары қатысты. Форум «Ортақ қауіпсіздік, баянды бейбітшілік» ұранымен өтті. Оның тақырыбы Азия-Тынық мұхиты аймағында тұрақты қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға арналды.
Сяньшань форумы аясында АӨСШК бас хатшысы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин мырзамен, АСЕАН бас хатшысы доктор Као Ким Хурнмен, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэймен, ҚХР Орталық әскери комиссиясының Біріккен штабының бастығы Цзинь Цзяньфэнмен, Қытайдың Еуропа және Азиядағы халықаралық байланыстар тобы орталығының президенті Цзян Юнганмен кездесті. Келіссөздер кезінде ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.