Елімізде соңғы жылдары тұрақты түрде тауарларға таңбалау жүргізу қолға алынғаны белгілі. Соның арқасында көлеңкелі айналымның үлесі төмендеп, халықты жалған өнімнен қорғауға мүмкіндік туды. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері, соңғы екі жылда жеңіл өнеркәсіп нарығында – 65%, оның ішінде аяқкиім – 48,5%, алкогольді ішімдіктер 25% болса, дәрі-дәрмектер 12%-ға төмендеген. Биылғы жылдың бірінші сәуірінен бастап, елімізде аяқкиім тауарларын таңбалау және қадағалау ережелері толық күшіне енген болатын.
Жақында аяқкиім импорттаушылар үшін қоймаларда қалған тауарларды таңбалау мерзімін келер жылдың бірінші ақпанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданғаны және бар. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен тауарларды таңбалау жүйесі және қадағалау мәселелері жөніндегі кеңесте аталып өткен болатын.
Қазіргі таңда елімізде жануарлар терісінен жасалған өнімдер, темекі бұйымдары, аяқкиім мен дәрі-дәрмек секілді 4 тауар тобына міндетті таңбалау жүргізу қажет болса, ал зергерлік бұйымдарды таңбалау қанатқақты жобасы іске асырылуда. Жалпы, еліміздегі аяқкиім тауарлары айналымының 96%-ы – импорттық, 4%-ы ғана – отандық өнім көрінеді.
«Аяқкиім өнімдерін цифрлық таңбалауды енгізу нәтижесінде, оның ресми импорты 36%-ға (2022 жылғы 7 айдағы 26,1 млн жұптан 2023 жылғы 7 айдағы 35,6 млн жұпқа дейін), өндіріс 20%-ға (2021 жылғы 1,5 млн жұптан 2022 жылғы 1,8 млн жұпқа дейін) өскен.
Цифрлық таңбалаудың басты артықшылығы – ол әр аяқкиімді белгілеп, адами факторсыз тауарды жеткізу тізбегін қадағалауға мүмкіндік беруде. Биылғы жылдың қазан айында тауарларды таңбалау және қадағалауда 3,2 мың қатысушы тіркеліп, 78,3 млн-нан астам таңбалау коды берілген. 12,1 мың таңбалау коды айналымнан шығарылған екен.
Аяқкиіммен айналысатын ірі көтерме сауда орындарының басты мәселесі – қоймаларда, әсіресе Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының көтерме және бөлшек сауда базарларындағы таңбаланбай қалған аяқкиімдер саудагерлердің мысын басып тұрғанға ұқсайды. Кәсіпорын тауарларды таңбалауға дайын, бірақ бұл біраз уақытты қажет етеді. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аяқкиім қалдықтарын таңбалау мерзімін 2023 жылғы 1 қарашадан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту жөніндегі жұмысты қолға алған болатын. Бірақ импорттаушылардың өзекжарды өтініштерін аяқсыз қалдырмай, кеңесте таңбалау мерзімін 2024 жылғы 1 ақпанға дейін тағы бір айға ұзарту туралы шешім шығарды. Сонымен аталған күнге дейін аяқкиімді импорттаушылар өз қоймаларында таңбалауға мүмкіндік алды.
«Қазір біз Алматы мен Шымкент қалаларындағы көтерме қоймаларда таңбалау пункттерін құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, бұл – елімізге аяқкиім әкелетін екі үлкен пункт. Базар әкімшілігі көтерме сауда қоймаларындағы аяқкиім қалдықтарына кодтар енгізуге көмектесу үшін орын беріп, қызмет көрсетуге дайын. Алдағы уақытта қалдықтарды таңбалау үдерісі тұрақты түрде қалыптаспауы үшін импорттаушылар жаңа маусымда тек таңбаланған аяқкиімдер әкелінетіні туралы міндеттемелерді қабылдауы қажет. Бұл аяқкиімнің бағасына іс жүзінде ешқандай кедергі келтірмейді. Мәселен, ел нарығына аяқкиім экспорттайтын қытайлық «Beijing Vitcony» компаниясы аяқкиімді таңбалау қызметін тегін, тауар бағасына қоспай-ақ, ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Олар қазірдің өзінде Ресейден импорттаушылар үшін осылай істеп жатыр. 300-ден астам қытайлық жеткізушісі бар жүк тасымалдаушылар Ресейге аяқкиім экспорттайды, олар тауарларды өздерінің өндірісінде таңбалайды. Бұл компаниялар Қазақстанға да дәл осындай қызмет көрсете алады. Негізгі аяқкиім жеткізушілер саналатын Өзбекстан мен Түркия елдерінің өндірушілері өндіріс орындарында тауарларды бірден таңбалауға әзір. Ресей қазірдің өзінде таңбалап жатыр. Осылайша, арнайы жабдықталған кеден қоймаларының қажеттілігін барынша азайтуға болады. Оларды тек қана аяқкиім әуе көлігімен әкелінетін кеден қоймаларында қалдыруға мүмкіндік бар. Бұл негізінен – Еуропадан келген қымбат аяқкиімдер. Аяқкиім өнімдерінің айналымына қатысушылармен ортақ міндетіміз – аяқкиімдерді 4 ай ішінде, негізінен, кеден қоймаларына кірер алдында таңбалау үдерістерін құру, ал оған мүмкіндік болмаса, кеден қоймаларының иелерімен аяқкиімді таңбалау қызметі бойынша жұмыс істеу керек», дейді «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Сонымен қатар кеңесте кеден қоймаларының тауарларды таңбалау үшін орын беруге дайындығы мен оның жағдайы қарастырылды. Қоймалардың көбінде жылу жоқ, кейбіреуі электр желілерімен жабдықталмаған. Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер комитетіне қажетті инфрақұрылым мәселесін шешу тапсырылды.
«Таңбалауды жалғастыру керек. Аяқкиімді таңбалауда қазірдің өзінде нәтиже бар екенін, өз өндірісіміз өсіп, нарық тазарып жатқанын көріп отырмыз. Ол үшін аяқкиімді импорттаушыларға, фармацевтикалық нарыққа және басқа да қатысушыларға осы үдерістің барлық мүмкіндігі мен шартын түсіндіріп, таңбалауға қажетті құрал-жабдықтардың құны туралы бизнесті нақты хабардар ету керек. Тауарларды таңбалауды жүргізуде тиісті кешенді шешімдерді біріктіретін құрылғыларды, дәрі-дәрмек нарығындағы қатысушыларға ақысыз негізде жабдықтарды беру мүмкіндігі бойынша екінші деңгейлі банктермен жұмыс жүргізу қажет», деді кеңесті қорытындылаған вице-премьер.
Сондай-ақ 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін дәрілік заттарды таңбалауға медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп айналысатын болды.