• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 09 Қараша, 2023

Маңғыстау мәдениетінің мәйегі

250 рет
көрсетілді

Маңғыстау мекені өнер-мәдениетімен, тосын мақамымен дараланып тұрады. Оған күні кеше ғана Арқа төсіне – Алаш төріне әнін айтып, күйін тартып келген маңғыстаулық өнерпаздарды тамашалап, кезекті рет куә болдық. Астана қаласының 25 жылдығы мен Маңғыстау облысының 50 жылдығы аясында өткен «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» атты мәдени күндерінде бір сәт киелі мекенге сапар шегіп қайтқандаймыз. Өңір делегациясын облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев сынды ресми тұлғалар мен ел ағалары, өнер қайраткерлері бастап келді.

Қуыршақтар сөйлесін

Мәдени күндердің алғашқы кеші балаларға арналды. Маңғыстау об­лыс­тық Қуыршақ театрының «Дастарқан» қойылымы жас ұрпаққа ұлттық негіз­ді сіңіру мақсатында дайын­дал­ған. Туын­ды авторы – Надежда Насы­рова. Қойылым Астана қаласының Қуыр­шақ театры сахнасында және қайы­рым­дылық мақсатында «Жансая» әлеумет­тік қызмет көрсету орта­лы­ғында кіш­кен­тай көрермендерге көрсетілді.

«Дастарқан» – репертуарымыз­дағы ең үздік спектакльдің бірі. Оны қоюдағы мақсатымыз – қазақтың ұлт­­тық құндылығын балалар бойына сіңіру, балдырғандарға киіз үйдегі бұйымдардың қалай жасалатынын, шығу төркінін, ас бөлмедегі ыдыс-аяқтың қандай мақсатта пайдаланатынын­ көрсетіп, түсіндіру. Жалпы, бұл – трилогияны түйіндейтін туынды.­ Оның алғашқысы «Айжан әжейдің ертегісі» деп аталады. Екіншісінің атауы­ – «Қайта жаңғырған өрнектер». Ал үшін­шісі – осы «Дастарқан», – дейді театр директоры Фарида Атакеева.

Маңғыстау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақовтың айтуынша, бұл іс-шаралардың барлығы ұлттық нақышта, қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің талғамы биік, басқа өркениетті елдердің ешқайсысынан кем емес екенін дәлелдейді. Қуыршақ театры ұсынған «Дастарқан» да осы үдеден шыға білгені анық.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндерінің салтанатты түрде ашылуына Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Мереке думан» шығармасымен ашылды.

«Қашаған, Абыл, Сүгір бабаларымыз шыққан, Әбіш пен Сержан ағамыз, Сабыр мен Светқали ініміз, Тамара мен Айгүл қарындасымыз секілді майталман әдебиет, өнер адамдары шыққан маңғаз Маңғыстауымыздың өнерін тама­­­шаладық. Маңғыстаулық өнер адам­­­дарына рахмет! Өнер сахнасында сәтті­лік тілеймін», деді Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Өнер кешіне келген көрермен мың бояулы Маңғыстаудың сәлемін ала келген Мәдениет саласының үздіктері, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ ор­кестрі, халықаралық, республикалық бай­қау­лардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының өнер­паз­дары, сондай-ақ эстрада жұл­дыз­дарының өнерін тамашалады.

 

Күй шерте ме, сыр шерте ме?

Маңғыстаулықтар келгенде­ күй шертілмеуі әсте мүмкін бе? Әсіресе Маңғыстау мақамы тыңдаушының делебесін қоздыра түсетін бір ерекше қасиетке ие. Бұл жолы да солай болды. Қазақ ұлттық өнер университетінде «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты күй кеші өтті. Кеште өңірдің Әзірбай Өскінбаев бас­таған жыршы-термешілері мен күйшілері өнер көрсетіп, аталған университет ұстазы Жұмабек Қадыр­құловтың «Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясының және Сұлтан­бек Құдайберген мен Ақылбек Тасқа­ра­ұлының «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралы көпшілікке таныстырылды.

«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жобасы турне болып өтті. Осы жобамен өнерпаздарымыз Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдеріне барып, «Қырымның қырық батырын» жырлап, күй өнерін дәріптеді. Негізгі мақсатымыз – осы жырды ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтары қатарына енгізу, – дейді Әбілқайыр Байпақов.

«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жоба­сының идея авторы – көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның лауреаты Светқали Нұржан. Ол Маңғыстауды мекен еткен жеті жұрт­тың бүкіл үні мен мұңы домбыра мен қобыз­да­ сақталған дейді. Бұл жобаның «Мұң қиян­ның мың күйі» аталатын екінші аты да бар екен.

Ал Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық музыкалық-драма театры астаналықтарға белгілі жазушы, драматург Ермек Аманшаевтың Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесі желісімен қойылған пластикалық драмасын ұсын­ды. Дина Жұмабаева сахналаған аталған қойылым трансформацияға ұшыраған адам­ның өмірінен сыр шертеді. Спек­такль көрерменді терең ойға жетелеп, өмір­дің кей құбылыстарын түсінуге әсер етеді.

Өнер ұжымының қоржынында тағы бір сүйекті туынды бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі желісімен сахналанған шығарма (қоюшы режиссері – Гүлсина Мирғалиева) М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында қойылды.

 

Марсты көзбен көрдік

Ауқымды бағдарламаның бір бөлігі – көрмелер. Осы орайда Достық үйінде Маңғыстау облысы туризм саласының «Марс пейзаждары» атты көрмесі өтті. Көрмеге келушілер қойнауы ғажайыпқа толы маңғаз мекен, маң дала Маңғыстаудың табиғатын, қайталан­бас көрінісін тамашалады. Сонымен қатар Маңғыстау өңірінің көрме-жәр­меңкесінде шұбат ішіп, балқаймақ жедік. Құрт пен ірімшік, балық өнімдері де ұсынылды. Мұнда облыстан 21-ге жуық кәсіпкер келген, оның ішінде ұлттық нақыштағы киім, көлөнер және тоқыма бұйымдары өндіретін 11 кәсіпкер қатысты.

Ал «Маңғыстау – ұлттық құнды­лық­тар құндақталған мекен» атты рухани-іс-шара барысында сәлем салу, тұсау кесу, бата беру сынды ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді.

Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайында Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім үлгілері» көрмесі мен «Ғасырлар қойнауындағы Маңғыстау» археология көрмесі ашылды. Онда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Маңғыстау қазақтары киген ұлттық киім үлгілері мен күмістен соғылған әшекей бұйымдары қойыл­ды. Одан бөлек «Дала өркениеті – көшпелілер қолөнерінде» атты қол­өнерші Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған бұйымдар көрмесі мен «Күмбірлейді күмістер» атауы­мен Нұрнияз Мұхановтың жеке коллекциясынан жасақталған көрме ұсынылды. Ал «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» гала-концертінде өңірдің белгілі өнер майталмандары мен үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Маңғыстау облысының Астанадағы мәдени күндері «Ақиық өлке, алғи жыр» әдеби-сазды кешімен жалғасып, «Мерейлі мекен – мұнаралы Маңғыстау» атты үлкен концертпен жабылды.