Ресей – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі. Бұл байланысты ондаған жыл бойғы жемісті ынтымақтастық растайды. Халық тілімен айтқанда, патша заманынан бері қазақ пен орыс көрші болып келеді. Одан кейін де арамыз ажыраған жоқ.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, екі мемлекет көшбасшыларының, Заң шығарушы органдары мен үкіметтерінің, бизнес қоғамдастықтарының арасында табысты, ашық байланыс орнады. Ол үшін қос ел әрқашан екіжақты өзара іс-қимылды нығайту бойынша барлық мүмкін болатын дипломатиялық, саяси қадамдар жасады және қабылдады.
Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогінің негізгі ерекшелігі. Арамызда әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара жатыр. Десек те барлық деңгейде заңнамалық және іс жүзінде екіжақты қатынастар бекіді, халықаралық бастамаларды жария қолдау қамтамасыз етілді, интеграциялық үдерістер біртіндеп дамып келе жатыр.
Бір жағынан Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі болғандықтан, екіжақты тауар айналымы жыл сайын тарихи рекордты жаңартып келеді. Былтырдың өзінде тауар айналымы 28 миллиард долларды құрады.
Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық та өте белсенді даму үстінде. Ресей мұнайын көрші елдерге, сондай-ақ газды Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу жөніндегі уағдаластықтар да энергетикадағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтерді.
Әсем РАХМЕТОВА,
Сенат депутаты