Ресей Президентімен бірге жүздеген кәсіпкер келді. Бірқатар министрі мен губернаторы Қостанайдағы форумға қатысты.
Біздің елдің шекаралық аймақтардағы әкімдері мен министрлері «Қайтсек тауарларымызды өткіземіз? Қайткенде отандық кәсіпорындардың тауарларын Ресейге сатқыза аламыз?» деген мәселелерге басын қатырып отыр. Бұл – жылда өтіп тұратын маңызды форум. Пандемия кезінде ғана өткен жоқ. Бір жылы Ресейде, бір жылы Қазақстанда ұйымдастырылатын маңызды жиын осындай өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
Форум – жаңа инвестициялық келісімшарттарды құруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда қатынастары 27 млрд долларды құрайтын болса, оның біраз бөлігі шекаралық аймақтардың арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Яғни 27 млрд-тың үштен бір бөлігі шекаралық аймақтағы қарым-қатынастардың мәселесі деген сөз. Оның ішінде ашық және жабық сауда бар. Сондықтан бұл жиынға немқұрайды қарауға болмайды.
Содан кейін екі елдің арасында шешілмей келе жатқан мәселелер де бар. Мәселен, трансшекаралық су мәселесін алайық. Қазақстанға келетін өзен суының көбі Қытай, Өзбекстан, Ресей арқылы келеді. Осы мәселелерді шешу үшін де дұрыс қарым-қатынас қажет. Отандық тауарларды ары қарай өткізу үшін жасалып отырған қиындықтар бар. Мұндай мәселелерді де осындай әңгіме барысында шешіп отыру өзекті. Қалай дегенмен де көрші екі алпауыт мемлекет – Қытай және Ресеймен бірге өмір сүре білу, олардың мүмкіндіктерін пайдалана білу, әлеуетін пайдалану – экономикамызды дамытудың алғышарты.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты